"Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан ХХХІ Олимпиада ойындарында бокстан 81 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін отандасымыз Әділбек Ниязымбетов өзінің финалдық жекпе-жегінде жеңіліс тауып, күміс жүлдені місе тұтты", - деп жазады "Ұлт ақпарат".
Үш раундтық кездесуде төрешілер жеңісті бірауыздан кубалық Хулио Сесар Ла Крусқа берді. Қорытынды есеп – 3:0 (30-27,30-27, 30-27). Осылайша, жерлесіміз екі жыл қатарынан Олимпиаданың күміс жүлдесіне ие болып отыр. Нәтижесінде Әділбек Болат Жұмаділов ағасының жетістігін қайталады. Жұмаділов 51 келі салмақ дәрежесінде Атланта және Сидней Олимпиадасының финалында өнер көрсеткен еді.
Еске сала кетейік, Әділбек алғашқы кездесуін белорус спортшысы Михаил Долголевецке қарсы өткізіп, айқын басымдықпен жеңген болатын. Ширек финалда ол әзірбайжандық Тимур Маммадовты тізе бүктіріп, жартылай финалға жолдама алды. Финалға шығар жолда британ спортшысы Джошуа Буатсимен қолғап түйістіріп, қарсыласының мықтылығына қарамастан, кездесу жеңімпазы атанды.
Биылғы жылы бокстан ерлер құрамасы алғаш рет Олимпиада ойындарына толық құрамда барған еді. Әзірге бокшыларымыздың еншісінде бір алтын, бір күміс жүлде бар. Кеше ғана 69 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Данияр Елеусінов алтын жүлде иемденсе, 91 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Василий Левит Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері атанған еді.
Ұлт порталы