Бокстан ұлттық құрама капитаны Данияр Елеусінов Рио Олимпиадасынның финалында жеңіске жетіп, ел құрамасы қоржынына алтын медаль салды.
69 келі салмақта сынға түскен жерлесіміз финалда өзбек боксшысы Шахрам Гиясовпен кездесіп, басым түсті.
Үш раундта да қазақ боксшысы қарсыласынан бір бас жоғары өнер көрсетті. Нәтижесінде төрешілер жеңісті бірауыздан Даниярға берді. Қорытынды есеп – 3:0 (29-28, 29-28, 29-28). Кездесу жерлесіміздің пайдасына шешілді.
Айта кетсек, Данияр алғашқы кездесуін ұлыбританиялық боксшы Джош Келлиге қарсы өткізіп, айқын басымдықпен жеңген болатын. Ширек финалда ол венесуэлалық Габриэль Маэстроны тізе бүктіріп, жартылай финалға жолдама алды. Финалға шығар жолда француз Сулейман Сиссокомен қолғап түйістіріп, жарақатына қарамастан жеңімпаз атанды.
Биылғы жылы бокстан ерлер құрамасы алғаш рет Олимпиада ойындарына толық құрамда барған еді. Әзірге бокшыларымыздың еншісінде бір күміс жүлде бар. Кеше ғана 91 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Василий Левит Рио Олимпиадасының күміс жүлдесін иеленген-ді. Даниярдан басқа Әділбек Ниязымбетов Олимпиада алтынына таласады. Ал 91 келіде Иван Дычко жартылай финалда өнер көрсетеді.
Ұлт порталы