Әділбек Ниязымбетов Олимпиада алтынына таласады

Әділбек Ниязымбетов Олимпиада алтынына таласады

"Рио-де-Жанейрода өтіп жатқан ХХХІ Олимпиада ойындарында бокстан 81 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін отандасымыз Әділбек Ниязымбетов британ спортшысы Джошуа Буатсиді ұтып, финалға жолдама алды", - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Ниязымбетов үш раунд бойы қарсыласынан деңгейі жоғары екенін байқатты. Өзінің соққыларын діттеген жеріне дөп тигізіп отырған ол айқын жеңіске жетті. Қорытынды есеп – 3:0 (30:27, 30:27, 29:28). Кездесу жерлесіміздің пайдасына шешілді. 

Ширек финалдық кездесуде Әділбек белорус спортшысы Михаил Долголевецті  жеңген болатын.

Айта кетейік, биылғы жылы бокстан ерлер құрамасы алғаш рет Олимпиада ойындарына толық құрамада барған еді. Бірақ бүгінге дейін алты боксшымыз жарыс жолынан шығып үлгерді. Ал, кеше 91 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Василий Левит Рио Олимпиадасының күміс жүлдесін иеленді.

Ұлт порталы