"Рио-де Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарында ауыр атлетикадан 24 жастағы қазақстандық Александр Зайчиков 105 килограмм салмақ дәрежесінде қола медаль жеңіп алды", - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
2015 жылы Әлем чемпионы болған отандасымыз қоссайыс қорытындысы бойынша 416 килограмм (193+223) көтеріп, Олимпиададағы өзінің тұңғыш медалін иеленді.
Бұл сында өзбек спортшысы Руслан Нуриддинов алтын медальді жеңіп алды. Ол қоссайыста 431 (194+237) келіні көтеріп, Олимпиада рекордын жаңартты. Күміс армян спортшысы Симон Мартиросянға (190+227) бұйырды.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін ауыр атлетикадан 62 келі салмақ дәрежесінде Фархад Харки қола медаль еншілесе, 77 келі салмақта өнер көрсететін отандасымыз Нижат Рахимов алтын жүлдені иеленді. Әйелдер арасында 63 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Карина Горичева қола медальді місе тұтса, қазақ қызы Жазира Жаппарқұл күміс жүлдені еншіледі.