Ұлытау облысының Қызылжар ауылында тұратын 116 жастағы Түймегүл Темірбаева Құрылтай сайлауына қатысып, өз таңдауын жасады. 1910 жылы дүниеге келген кейуана бүгінде Қазақстандағы ең қарт азаматтардың бірі саналады, деп хабарлайды ult.kz.
Облыс әкімдігінің мәліметінше, ғасырдан астам ғұмыр кешкен Түймегүл апаның ел үшін маңызды қоғамдық-саяси науқанға қатысуы оның азаматтық белсенділігін ғана емес, ел болашағына деген жауапкершілігін де аңғартты.
Түймегүл Темірбаева өмірінің басым бөлігін еңбекпен өткізген. Жолдасы Аязбай Темірбаевпен бірге жылқы өсіріп, отбасының берекесін арттырған. Бүгінде ол 15 немере мен 25 шөберенің аяулы әжесі.
Ұзақ өмір сүруінің сырын сұрағандарға Түймегүл апа адал еңбек, жақсы ниет пен жақындарға деген сүйіспеншілікті алға тартады. Бұған дейінгі сұхбаттарында да әлі күнге дейін үй шаруасына араласатынын, құрт жасайтынын және қолынан келгенше шаруашылық жұмыстарына көмектесетінін айтқан.
Дауыс беру кезінде ақ жаулықты ана елге ақ тілегін арнады. Ол ұрпағына денсаулық пен амандық, елге тыныштық, Қазақстанға жарқын болашақ тіледі.
— Ұрпағымыз аман-сау болсын, елімізде бейбітшілік болсын. Еліміздің болашағы жарқын болсын, — деді Түймегүл апа.
116 жастағы кейуананың сайлауға қатысуы көпшілікке ой салған оқиға болды. Оның бір ғана дауысы ғасырдан астам тарихты көрген ұрпақтың ел ертеңіне деген тілегіндей әсер қалдырды.
Айта кетейік, Түймегүл Темірбаева бұған дейін де қоғамдық маңызы бар науқандардан шет қалмаған. 2026 жылғы республикалық референдум кезінде де арнайы жылжымалы дауыс беру жәшігі арқылы өз таңдауын жасаған.