14 шіл, 2017 сағат 12:16

Қазақстанның 500 азаматы лаңкестер лагерінде жүр - Дін министрлігі

Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев террористік және басқа да аса ауыр қылмыс үшін азаматтықтан айыру бойынша заңға енгізілген өзгерістерге қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министр Елбасы Н. Назарбаев «ҚР кейбір заңнамалық  актілеріне оларды ҚР Конституциясының нормаларына сәйкес келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға уақытылы қол қойғанын атап өтті. Оған сәйкес, бұдан-былай террористік және басқа да аса ауыр қылмыс жасаған қазақстандықтар азаматтығынан айрылатын болады.

Бүгінде шетелде лаңкестер лагерінде Қазақстанның 500 азаматы бар. 

Н.Ермекбаевтің атап өтуінше, қазіргі таңда сирия-ирак аймағында террористік топтар үшін жағдайдың қиындап жатқанын білеміз. Қылмыскерлер шегіну жолдарын, соның ішінде өздерінің бұрынғы тұрған жерлеріне қайту мүкіндіктерін іздестіруде. Алайда, бұл олардың қылмыстық пиғылдарынан бас тартқанын білдірмейді.

Сондықтан, қазақстандықтардың ішінен шыққан осындай адамдар қылмыстық тәжірибе жинақтап, елімізге арам ниет-оймен оралуы мүмкін. Осыған орай, жаңа толықтыруларда азаматтықтан айыру мүмкіндігі қарастырылуда».

«Мәселе терроризм актілерін, террористік топтарды құру және басқару, оның қызметіне қатысу, сондай-ақ  республикамыздың ұлттық және өмірлік маңызы бар мүдделеріне аса ауыр зиян келтіру туралы болып отыр. Сот істің мән-жайын, жасаған әрекетінің ауырлығын, келтірген зардаптарын толық зерделеу негізінде ерекше жағдайларда ғана азаматтығынан айырады» - деп нақтылады ол. 

Министр туған жерін тастап, шетелге террористік құрылымдарға қатысуға кеткен адамдар Отанына опасыздық жасағандарға теңелетінін қадап айтты.