05 жел, 2017 сағат 13:32

Бозымбаев мұнай дәуірінің аяқталуын болжады

Қазақстан 2030-2040 жылдары мұнай өндіру көлемін 100 млн тоннаға жеткізеді. Бұл туралы бүгін елордада өтіп жатқан «Kazakhstan Global Investment Roundtable» форумынан тыс БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өздеріңіз білесіздер, 2030-2040 жылдары Батыс Еуропа елдері мен Қытай электромобильдерге көшетіндігін айтуда. Сондықтан алдағы 20 жылда жанар-жағармай ретіндегі өңделген мұнай өз бағасын ақтамайды. Ал біз дәл сол кезеңде 100 миллион тоннадан астам мұнайды өндіретін боламыз. Баға тиімсіз болса, онда ол өнімді қай жаққа жібереміз? Ең бастысы, Президентіміз бен Үкіметіміздің тапсырмасына сәйкес, мұнай және газ-химия саласын дамытатын боламыз», - деді Бозымбаев.

Оның айтуынша, қазірдің өзінде бұл бағытта жұмыстар жүргізілу үстінде. Атырау облысында тиісті экономикалық аймақ дамытылуда. Аталған аймақтың инфрақұрылымын «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры әзірлеу үстінде.

«Оған 300 миллиардтан астам қаржы салынды. Теміржол, сумен қамтамасыз ету, электр жабдықтарын қамтамасыз ету және тиісті электростанса салу жұмыстары атқарылуда. Ал ол жерде қандай жобаларды жүзеге асырамыз? Біріншіден, полипропилен шығаратын зауыт салынады. Оған 2,5 миллиардтан астам инвестиция салынатын болады. Инвестиция Қытай банкі тарапынан келеді. Биыл бәрі дұрыс болса «Самұрық-Қазынаға» қарасты компания сол жұмыстарды бастайды. Келесі жылда полиэтилен деп аталатын тағы бір үлкен жобаны жүзеге асыру ойымызда бар. Оны дүниежүзіндегі ең ірі 4 компанияның қатарына кіретін австриялық компаниямен бірге жүзеге асырамыз деп жоспарлаудамыз. Алдын ала келісім бар. Келесі жылдың наурыз айында тиісті шешім қабылдайтын боламыз. Жобаның жалпы сомасы 6,5 млрд доллардан астам», - деді Қанат Бозымбаев.

Сонымен қатар министрдің дерегінше, Атырау арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылуы мүмкін 5-6 жоба әзірленуде. Қазіргі уақытта оларға инвестор іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.