Атырауда Төле, Қазыбек және Әйтеке биге арналып алып ескерткіш қойылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Облыстық сот ғимаратының орталық кіре берісінде қазақ билеріне ескерткіш орнатылды. Мерекелік шараға Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов, Атырау облыстық сотының төрағасы Марғұлан Бектұрғанов және Қазақстан кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайым, зиялы қауым өкілдері және ақындар қатысты.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов өзінің құттықтау сөзінде ескерткіштің ашылуы - бұл мұнайлы аймақтың қоғамдық және мәдени өміріндегі маңызды оқиға екенін атап өтті.
«Жоба Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жүзеге асырылды. Қазақстан халқы тарихтағы ең күрделі кезеңде қазақтарды біріктіруде шешуші рөл атқарып, елдің еркіндігі мен тәуелсіздігі үшін күрескен ұлы билер - Төле, Қазыбек және Әйтекені құрметтеп, ешқашан естен шығармайды. Бұл - ұрпақ сабақтастығы, дәстүрлер жалғасы. Ескерткіш облыстық сот ғимаратының жанында кездейсоқ орнатылмаған, бұл - қазақ халқының даналығы, әділдігі мен абыройының символы», - дейді Серік Шапкенов.
Айта кетейік, ескерткіштің биіктігі - 4 метр. Қоладан жасалған және мәрмәр тұғырда орналасқан. Ескерткіштің авторы - атақты қазақстандық мүсінші Бақытбек Мұхаметжанов.