15 қаз, 2025 сағат 12:03

Қатігездікке шек жоқ: Янаның өліміне қатысты чат мазмұны ашылды


Фото: #НеМолчиKZ instagram парақшасынан скриншот

#НеМолчиKZ қоры Яна есімді бойжеткеннің өліміне қатысты резонансты оқиғаны баяндады. Қордың мәліметінше аталған қылмыстық іс бойынша сот отырысы жалғасуда. Прокурор сотта айыпталушы Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Катимовтың бір-бірімен жазысқан хаттарын оқып берген. Хаттың мазмұны көпшіліктің жағасын ұстатты. Бұл туралы Ult.kz хабарлайды.

Тергеу дерегінше, екеуі қылмысты алдын ала мұқият жоспарлап, ешқандай із қалдырмауға тырысқан.

Прокурордың айтуынша, олардың жоспары суыққанды және есеппен құрылған. «Мінсіз қылмыс» жасауға тырысқан айыпталушылар куәгерсіз, хат алмасусыз, айғақсыз әрекет етуді көздеген.

Алайда бәрі ойлағандай болмаған.

Қылмыстың бетін ашуға Янаның анасы Галина Легкодимова үлкен үлес қосты деп отыр қор.

#НеМолчиKZ-дің жазуы бойынша қызы жоғалып кеткен соң, ол үйінен Янаның үстел үстінде жатқан күнделігін тауып алған. Бұған дейін қызы ешқашан күнделік жүргізбеген. Дегенмен, ол өлерінен алты күн бұрын күнделік жазуды бастапты. Галина сондай-ақ қызының алғаш рет бір жігітпен кездесіп жүргенін және оның атын да білгенін айтқан.

Бастапқыда Янаның телефонын тексергенде, WhatsApp-та Ризуан Хайржанов есімі жоқ болып шыққан яғни олардың байланысы ешқашан болмағандай көрінген. Бірақ тергеу тобы бұл кедергіні айналып өтіп, өшірілген хаттарды «ВКонтакте» желісінен қалпына келтіре алған.





Фотолар: #НеМолчиKZ instagram парақшасынан скриншот

Янаны не үшін өлтірді?

Қордың жазуынша Ризуан мен Яна 2024 жылдың маусым айында кездесе бастаған. Шілде айында Яна оның басқа да қызы бар екенін білген. Сол кезде Яна: «Ары қарай алдау дұрыс емес, бәрін сол қызға айту керек», деген. Яна үшін бұл өміріндегі алғашқы махаббат болған.Қазанның 8-інен 9-ына қараған түні Ризуан Хайржанов досы Алтынбек Катимовқа Янаны өлтіруді ұсынған.

"Себебі олар солай істей алды. Себебі оларға бәрібір болды. Олар 8 қазанда қатыгез әрі цинизмге толы шешім қабылдап, 18-інен 19-ына қараған түні жоспарларын орындады. Ризуан Хайржанов пен Алтынбек Катимов өз кінәсін мойындады. Янаға шын мәнінде не істегендері оны мазақ етті ме, азаптады ма, зорлады ма, қандай күйде болған, қалай қарсыласқан мұның бәрі белгісіз. Себебі Янаның денесі 8 ай мен 2 күннен кейін ғана табылды. Анасына қызының денесін пакеттегі сүйек түрінде қайтарып берген…", - деп жазады #НеМолчиKZ қоры.


Фото: #НеМолчиKZ instagram парақшасынан

19 қазан күні Янаның қатыгездікпен өлтірілгеніне тура бір жыл толады екен. Янаның анасы Галина #НеМолчиKZ қорының парақшасына бұрыннан жазылған көрінеді.

"Ол ұзақ уақыт бойы жазбаларымызды оқып, пікір қалдырып жүрді, бірақ ешқашан бір күні көмек сұрап бізге жүгінуге тура келеді деп ойламаған", - деп жазған #НеМолчиKZ қоры оқырмандардан Галинаға қолдау көрсетуді сұрайды.


Қор дерегі бойынша Яна 2001 жылғы 31 шілдеде Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданындағы Чапаево ауылында дүниеге келген. Ол мектепті үздік аттестатпен тәмамдап, Атырау Мұнай және газ университетіне грантпен оқуға түскен. Мамандығы «мұнай-газ ісі». Анасы Галинамен бірге Атырауға қоныс аударғаннан кейін, Яна оқуын магистратурада жалғастырды. Өткен жылы ол магистр дәрежесін алып, докторантураға түсуге дайындалып жүрген еді.