Фото: Видеодан скриншот
Вьетнамда жүрген қазақстандық Әсем Әубәкір 6 наурыздан бері байланысқа шықпай отыр. Бұл туралы оның әпкесі Рузана Жүсіпова әлеуметтік желі арқылы айтып, көмек сұрады, деп хабарлайды Ult.kz.
Оның сөзінше, 26 жастағы Әсем Қазақстан консулымен кездесу үшін Ханой қаласына баруды жоспарлаған. Алайда әуежайдан шамамен 20 шақырым алыстағаннан кейін қызбен байланыс үзілген. Содан бері туыстары одан еш хабар ала алмай отыр.
Туыстарына жоғалып кетер алдында Әсем қатты алаңдағанын, біреулер өзін аңдып жүргендей сезінетінін айтқан.
Қазіргі уақытта қыздың туыстары ресми түрде іздеу жариялай алмай отыр. Олар тиісті өтінішті жолдағанымен, Вьетнам билігі оны әлі қарап жатыр. Өтініш мақұлданғаннан кейін ғана жергілікті полиция іздеу жұмыстарын бастайды.
Әсемнің отбасы Вьетнамда немесе оған жақын елдерде жүрген қазақстандықтардан көмек сұрайды. Сондай-ақ сол жақта тұратын таныстары мен туыстары бар азаматтардан да іздеу жұмыстарына қолдау көрсетуді өтінеді.
Туыстары әсіресе WhatsApp және Telegram желілеріндегі туристік және жергілікті топтарға назар аударуға шақырады.
Егер Вьетнамда жүрген тұрғындар немесе туристердің бірі қызды көрсе немесе оны табуға көмектесе алса, туыстары мына нөмірге хабарласуды сұрайды: +7 747 219 40 21
