Көрнекі фото: muftyat.kz
Шымкентте балаларды сабаған мешіт ұстазы жұмысынан босатылды. Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы Facebook-тегі парақшасында хабарлады.
"Әлеуметтік желіде мектеп жасындағы кішкентай екі баланың дене жарақатын алған видеосы тарап, оқырмандар тарапынан түсінбеушілік туындап жатыр. Кейбір оқырмандар бұл оқиға медреседе болған деген пікір жазуда. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы оқиғаның анық-қанығына көз жеткізді.
Оқиға Шымкент қаласында болған. Түркістан облысы Сарыағаш ауданының тұрғындары – ағалы-інілі Сейітқожа, Есенқожа Ешмұратовтар өз ұлдары Батырхан мен Әлиханға сыныптасы – «Таспау Сәлімбай» мешітінің ұстазы Рүстем Асқаровқа үй жағдайында діни сабақ беруді өтінеді. Өкінішке қарай «Таспау Сәлімбай» мешітінің ұстазы Рүстем Асқаров өзге тұрмыстық мәселелер бойынша ашуланып, өз эмоциясын тізгіндей алмай, кәмелетке толмаған балаларға қол жұмсаған.
Біріншіден, бұл оқиға медреседе болмаған. Екіншіден, «Құран сүрелерін дұрыс оқымағаны үшін балаларды ұрды» деген пікір шындыққа жанаспайды. Осы ретте оқырмандардан мәселенің анық-қанығына көз жеткізбей тұрып алдын-ала болжам айтуға асықпауды сұраймыз" - деп жазды ол.
Ағабек Қонарбайұлының айтуынша, «Таспау Сәлімбай» мешітінің ұстазы Рүстем Асқаров кәмелетке толмаған балаларды үй жағдайында оқытып, оларға қол жұмсап, дін қызметкерінің этикасын (мұсылмандық, ұстаздық әдепті сақтамау, өзгелерге зиян тигізу т.б.) қатаң бұзған.
"Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл оқиғадан тиісті қорытынды шығарды және өрескел әрекетке жол берген дін қызметкеріне шара қолданды. Бүгін, 2023 жылдың 15 маусымында Рүстем Асқаров Бас мүфти бұйрығымен «Таспау Сәлімбай» мешітінің ұстазы қызметінен босатылды. Қазір бұл мәселемен құқық қорғау органдары айналысып жатыр" - деп түйіндеді мүфтияттың баспасөз хатшысы.
видео: Facebook/Жемис Айтжанкызы