08 жел, 2025 сағат 10:47

Найробидегі триумф: қазақстандық таеквондошылар үш медаль жеңіп алды

Фото: ҚР ТСМ

Кенияның Найроби қаласында өткен таеквондодан (WT) 21 жасқа дейінгі әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы бұрын-соңды болмаған жетістікке қол жеткізді. Отандастарымыз жарысты 2 алтын және 1 қола жүлдемен аяқтады, деп хабарлайды Ult.kz.

Жарыстың шешуші күнінде 87 келіде сынға түскен Батырхан Төлеуғали финалда ирандық Мохаммад Ализадехті айқын жеңіп, әлем чемпионы атанды. Ол бұған дейін Фотиос Домпас (Грекия), Джоб Стюарт (Аустралия) және бейтарап спортшы Владислав Будиннен басым түскен. Батырхан 2024 жылғы Париж Олимпиадасында 80 келіде ел намысын қорғаған болатын.

Чемпионаттың алғашқы күндерінде Бейбарыс Қаблан Қазақстан тарихындағы U21 санатындағы алғашқы алтын медальді жеңіп алып, Әнұранымызды шырқатты. Ал Темірлан Тілеулес қола жүлдеге ие болды.

ҚР туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов тарихи жеңісті жоғары бағалап, спортшыларды, бапкерлерді және федерация басшыларын құттықтады.

«Бұл нәтиже – қазақ таеквондосының жаңа белесі. Жас спортшыларымыздың жеңісті жолы жалғаса береді деп сенемін», – деді министр.


Қазақстан құрамасы осылайша U21 әлем чемпионатында екі алтын, бір қола медаль иеленіп, таеквондо тарихындағы үздік нәтижесін тіркеді.

Бұған дейін Мемлекет басшысы таеквондодан Әлем чемпионы Бейбарыс Қабыландыны құттықтаған болатын.