18 қар, 2024 сағат 16:24

Қазақстанда қамқоршылық органдары қызметкерлерінің саны төрт есеге артады

Фото: Pexels.com

Қазақстанда қамқоршылық және қорғаншылық органдарының қызметін күшейтуге бағытталған маңызды түзету Үкімет тарапынан қолдау тапты. Енді балалардың құқықтарын қорғау функциясын атқаратын мамандар саны нормативке сәйкес көбейтіледі. Бұл туралы ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева хабарлады.

Айтуынша, бүгінгі таңда елімізде 6,8 миллион балаға 303 ғана қамқоршылық қызметкері бар. Бұл олардың уақтылы әрекет етуін және міндеттерін толық орындауын қиындатып келген.

"Жаңа түзетудің нәтижесінде қызметкерлер саны 1350-ге дейін артады, ал әр 5 мың балаға кемінде 1 маман белгіленеді", - деп атап өтті ол.


Ең алдымен қызметкерлер адам көп шоғырланған аймақтарға бөлінеді:

    • - Шымкентте қазіргі таңда жарты миллион балаға 5 қызметкер ғана жұмыс істейді. Түзету қабылданғаннан кейін олардың саны 90-ға жетеді.
    • - Түркістан облысында 1 миллионға жуық балаға 19 қызметкер болса, енді 180 қызметкер қызмет атқарады. Әр ауданда 10-12 маман жұмыс істейді.  

    Зәкиева бұл түзету балаларды қорғау жүйесін күшейтіп, зорлық-зомбылықтың, құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді дейді.

    Қамқоршылық қызметкерлер:  

    - Зорлық-зомбылық істерінде балалардың құқықтарын қорғайды.  

    - Отбасыларға көмек көрсетуге жедел әрекет етеді.  

    - 34 түрлі маңызды функцияны атқарады.  

      Сонымен қатар, қамқоршылық қызметкерлерінің жалақысын 50%-ға арттыру және кәсіби даярлықты күшейту жоспарланып отыр. 

      Бұл түзету Парламентте қаралып, қабылданады деп күтілуде. Өзгеріс балаларды қорғау жүйесін нығайтып, олардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.