06 қар, 2024 сағат 17:39

Депутат Қазақстанда әйелдерге қысқартылған жұмыс күнін енгізуді ұсынды

Фото: Мәжіліс

Мәжіліс отырысында депутат Қарақат Әбден әйелдерге арналған қысқартылған жұмыс күні жүйесін енгізу туралы бастама көтерді. Бұл ұсыныс премьер-министрге жолданған сауалда айтылды, деп хабарлайды Ult.kz.

Депутаттың айтуынша, әйелдердің билік және мемлекеттік қызметтегі үлесін арттыру үшін жүйелі шаралар қажет. Ол "Ауыл" фракциясының атынан сөйлеп, соңғы жылдары аудан әкімі лауазымына әйелдердің көбірек тағайындалғанын атап өтті. Дегенмен, олардың жалпы саяси қызметтердегі үлесі 15%-дан аспаған. IPU Parline рейтингіне сәйкес, Қазақстанда саяси лауазымдардағы әйелдердің үлесі бойынша әлемдегі 183 елдің ішінде 124-орында екені белгілі болды. Өзбекстанда әйелдердің заң шығарушы палатадағы үлесі 38%-ға жетсе, Қазақстандағы мәслихаттарда 21%-ды құрайды.

Қарақат Әбден облыстық әкімдіктерде басшылық қызметтегі әйелдердің үлесі небәрі 10% екенін алға тартып, аймақтарды әлі де ерлердің басқарып отырғанына назар аударды. Осы мәселеге қатысты депутат әйелдердің көшбасшылығын дамыту үшін нақты шараларды ұсынды.

Әйелдердің жұмысын қолдау үшін ұсыныстар:

1. Қысқартылған жұмыс күні – Скандинавия елдерінің үлгісі бойынша қысқартылған жұмыс күнін енгізу арқылы әйелдерге отбасына көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік беру.

2. Балабақшалар мен балалар бөлмелері – Тәулік бойы жұмыс істейтін балабақшалар ашу және жұмыс орындарында балалар бөлмелерін жабдықтау.

3. Ұзартылған декреттік демалыс – Ақылы декреттік демалысты екі жылға дейін ұзарту.

4. Әйелдерді қорғау – Жұмыс орындарында әйелдерді кемсітуден қорғау шараларын күшейту.

Депутат осы ұсыныстарды үкіметке қарауға шақырып, әйелдердің мансаптық өсуіне кедергі келтіретін факторларды жою арқылы гендерлік теңдікке қол жеткізуге болатынын атап өтті.