06 мау, 2019 сағат 11:17

Банк секторында өзгерістер болып жатыр - Олег Смоляков

Биылғы 4 айда теңгедегі депозиттер 5,8 пайызға өсті. Бұл туралы Парламент Сенатының жалпы отырысында ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Олег Смоляков мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шетел валютасындағы салымдарды теңге салымдарына ауыстыру үрдісі жалғасуда. Теңгедегі депозиттер өткен жылы 4,5 пайызға, ал ағымдағы жылдың 4 айында тағы да 10,1 трлн теңгеге дейін, яғни 5,8 пайызға өсті. Нәтижесінде, депозиттердің жалпы көлемі 17,1 трлн теңгеге жетті, ал депозиттердің долларлануы 2019 жылғы сәуірдің қорытындысы бойынша 41 пайызға дейін төмендеді», - деді Қазақстан Ұлттық банкі төрағасының орынбасары.

О. Смоляковтың айтуынша, еліміздің банк секторында айтулы өзгерістер болуда. Жұмыс істемейтін қарыздардың көлемі 20 пайызға жуық төмендеді. Ағымдағы жылы банк секторын сауықтыру процесі жалғасады.

Бұл ретте ол жаңа кредиттер беру өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда, биылғы 4 айда 10,3 пайызға ұлғайғанын атап өтті.

Сондай-ақ, Смоляков инфляцияның тұрақтануы Ұлттық банкке базалық ставканы төмендетуге мүмкіндік бергенін айтты.

«Қазақстан Ұлттық банкінің ақша-кредит саясаты инфляциялық таргеттеу режимінде жүргізіледі. Ұлттық банктің негізгі мақсаты баға тұрақтылығын қамтамасыз ету болып табылады. 2018 жылы инфляция біртіндеп төмендеп, 5-7 пайыз нысаналы дәліз ішінде қалыптасып, жыл қорытындысы бойынша 5,3 пайызды құрады. 2019 жылғы мамырдың қорытындысы бойынша жылдық инфляция да 5,3 пайыз деңгейде қалыптасты. Инфляцияның тұрақтануы Ұлттық банкке базалық ставканы төмендетуге мүмкіндік берді. 2018 жылы ол біртіндеп 10,25 пайыздан 9,25 пайызға  дейін төмендетілді. Ағымдағы жылғы сәуірде ол 9 пайызға дейін төмендетілді. Тұтастай алғанда, ақша-кредит саясатының сипатын инфляция бойынша мақсаттарға қол жеткізуге де, орнықты әрі экономиканың инфляциясыз өсуіне жәрдемдесуге ықпал ететін бейтарап инфляция ретінде сипаттауға болады», - деп хабарлады О. Смоляков.

Ол теңгенің еркін өзгермелі айырбастау бағамы валюта саясатын жүргізу режимі болып қалып отырғанын қоса айтты.

«Бағам мұнай бағасы және ірі сауда әріптес елдер валюталарының бағамдары сияқты іргелі факторлардың, сондай-ақ ішкі факторлар мен маусымдылықтың әсерінен қалыптасуы мүмкін», - деп түсіндірді ҰБ басшысының орынбасары.

Сонымен бірге, ол еліміздің төлем балансына қатысты ахуал жақсарғаны туралы айтты.

«Ағымдағы шот 2 тоқсан қатарынан профицитпен қалыптасып отыр. Мәселен, алдын ала бағалау бойынша 2019 жылғы 1-тоқсанда ағымдағы операциялар шотының профициті сауда балансының 14,4%-ға, яғни 7,1 млрд АҚШ долларына дейін ұлғаюы нәтижесінде 0,8 млрд АҚШ долларын құрады. Елдің сыртқы борышы төмендеуде», - деді Смоляков.