Фото: ашық дереккөз
Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы Жангелдин ауылында жоғалып кеткен отбасыға қатысты іс бойынша екі адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды Ult.kz.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, мәйіттер іздестіру жұмыстары барысында ауыл аумағындағы сарайдың ішіне көмілген күйде анықталған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, табылған марқұмдар отбасының жасы үлкен мүшелері болуы мүмкін.
Еске салайық, Жангелдин ауылында тұратын бір отбасының бірнеше мүшесі 2025 жылдың күзінен бері хабар-ошарсыз кеткен болатын. Осы уақыт аралығында полиция тарапынан іздестіру және тергеу амалдары жүргізіліп келген.
Қазіргі таңда Қызылқоға ауданында табылған мәйіттер бойынша адам өлтіру белгілерімен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілердің жеке басы анықталған, оларды ұстау мақсатында құқық қорғау органдары жедел-іздестіру іс-шараларын жалғастырып жатыр.
Сонымен қатар, тағы екі жоғалған адамның жүрген жерін анықтау бойынша іздеу жұмыстары жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат әзірге жария етілмейді.
Құзырлы органдар әлеуметтік желі қолданушыларын тек ресми дереккөздерге сүйенуге және расталмаған ақпаратты таратпауға шақырды.
