Түркістан облысында қатыгездікпен кісі өлтіру дерегі бойынша тергеу жүргізілуде. Ленгер қаласындағы қараусыз қалған ғимараттардың бірінен 21 жастағы жігіттің пышақ жарақаттары бар мәйіті табылған, деп хабарлайды ult.kz Almaty.tv-ға сілтеме жасап.
Алайда тұрғындарды ең қатты таңғалдырған жайт – бұл қылмысқа 9-сыныпты енді ғана аяқтаған кәмелетке толмаған қыз күдікті ретінде танылып отыр. Жасөспірім ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Жастардың арасында не болғаны әзірге белгісіз. Оқиғаның барлық мән-жайын полиция қызметкерлері анықтап жатыр.
«Аталған кісі өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізілуде», – деп хабарлады Түркістан облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.