Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде шетелге жұмысқа орналастыруды уәде ететін жарнамалар көбейген. Алайда мұндай ұсыныстардың артында азаматтардың ақшасын иемденуді көздейтін алаяқтар тұруы мүмкін. Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Көші-қон комитеті қазақстандықтарға ескерту жасады, деп хабарлайды ult.kz.
Ведомствоның мәліметінше, шетелге тез жұмысқа орналастыруды ұсынатын делдалдардың бір бөлігі Қазақстанда тіркелмеген және заң талаптарынан тыс әрекет етеді. Олар азаматтарға жоғары жалақы мен оңай жұмыс уәде еткенімен, мұндай ұсыныстардың соңы қаржылық шығынға ұласуы ықтимал.
Мамандардың айтуынша, жұмысқа орналасуға асығу азаматтарды құқықтық кепілдіктерсіз қалдырып, шет мемлекетте түрлі қиындықтарға душар етуі мүмкін. Ал күмәнді схемаларды ұйымдастырушылардың көбі Қазақстаннан тыс жерде орналасқандықтан, олардың әрекетінен зардап шеккендердің құқығын қорғау да оңай емес.
Осыған байланысты министрлік өкілдері азаматтарды интернеттегі кездейсоқ хабарландыруларға сене бермеуге, белгісіз делдалдарға алдын ала ақша аудармауға шақырды.
Ведомство шетелде заңды әрі қауіпсіз жұмысқа орналасу үшін ресми аккредиттелген операторлардың қызметіне жүгінуге кеңес береді. Сондай-ақ жұмыс беруші мен делдалдың тіркелу деректерін, құжаттарын және қажетті рұқсаттарын алдын ала мұқият тексеру қажет.
Шетелде жұмыс істеу мүмкіндігін іздегенде, жоғары жалақы туралы уәдеден бұрын ұсыныстың заңдылығына көз жеткізген жөн. Өйткені күмәнді делдалға сеніп тапсырылған ақша да, шетелде жасалған келісім де азаматтың қауіпсіздігіне тікелей әсер етуі мүмкін.