Құжатсыз 20 тонна жұмыртқа: БҚО-да жүк көлігі кері қайтарылды

Құжатсыз 20 тонна жұмыртқа: БҚО-да жүк көлігі кері қайтарылды
Almaty-akshamy.kz

Батыс Қазақстан облысында Ресейден Қазақстанға 20 тонна тауық жұмыртқасын тиісті ветеринариялық құжаттарсыз әкелуге әрекет жасалған, деп хабарлайды ult.kz.

Заң бұзушылық «Сырым» ветеринариялық бақылау бекетінде анықталды. Ресейдің Самара қаласынан Астанаға бет алған жүк көлігі ҰҚК Шекара қызметінің БҚО бойынша департаменті қызметкерлері мен мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлардың қатысуымен тексерілген.

Тексеру кезінде жүк көлігінде болған 20 тонна тағамдық тауық жұмыртқасының Қазақстан аумағына тиісті ветеринариялық ілеспе құжаттарсыз әкелінбек болғаны белгілі болды.

Нәтижесінде жүк көлігі Қазақстан аумағына өткізілмей, кері қайтарылды. Ал жүргізушіге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.

Айта кетейік, Ауыл шаруашылығы министрінің 2026 жылғы 17 сәуірдегі №146 бұйрығына сәйкес, Қазақстанға үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден тауық жұмыртқаларын барлық көлік түрімен әкелуге 2026 жылғы 21 сәуірден бастап алты айға тыйым салынған.

«Сырым» ветеринариялық бақылау бекетінде жыл басынан бері 216 заң бұзушылық анықталған. Осыған байланысты сонша автокөлік кері қайтарылған. Сонымен қатар 90 жүк тасымалдаушыға әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 8 млн 44,5 мың теңге айыппұл салынған.