Граната мен оқ-дәрі жасырылған орын: Алматыда қару-жарақ табылды

Граната мен оқ-дәрі жасырылған орын: Алматыда қару-жарақ табылды
Видеодан скриншот

Алматының Медеу ауданындағы жеке тұрғын үйлер орналасқан аумақтан қару-жарақ пен оқ-дәрілер жасырылған орын анықталды. Полиция бірнеше граната, мылтық және әртүрлі калибрдегі оқ-дәрілерді тәркіледі, деп хабарлайды ult.kz.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жасырын орын «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мен аудандық полиция қызметкерлерінің бірлескен жұмысы нәтижесінде табылған.

Астрахан көшесіндегі үйлердің бірінің маңынан қайта жасалған ТОЗ-25 тегіс ұңғылы мылтығы, тапаншаға ұқсас зат және әртүрлі калибрдегі оқ-дәрілер анықталған. Сонымен қатар жарық-дыбыс гранаталарын қоса алғанда, бірнеше граната мен өзге де қауіпті болуы мүмкін заттар тәркіленген.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тәркіленген заттар сараптамаға жіберілген. Қазір полиция қару-жарақтың қайдан келгенін, қалай сақталғанын және оқиғаға қатысы бар адамдарды анықтап жатыр.