Астанада білім саласының шенеунігі балабақшаны аттестаттаудан өткізуге көмектескені үшін кәсіпкерден микротолқынды пеш пен планшет алған. Kzachkov Telegram-арнасының мәліметінше, сот оған 10,5 млн теңге айыппұл салды, деп хабарлайды ult.kz.
Сот материалдарына сәйкес, Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Кенжегүл Бекімова балабақша басшысына аттестаттаудан өтуге көмектесетінін айтып, сыйлық ретінде техника сұраған. Кәсіпкер оған 32 мың теңгелік микротолқынды пеш пен 350 мың теңгелік планшет алып берген.
Екі тарап та кінәсін мойындап, тергеу кезінде техниканы және сатып алғанын растайтын түбіртектерді өз еркімен тапсырған.
Сот Бекімованы пара алғаны үшін кінәлі деп танып, 10 млн 589 мың теңге айыппұл салды. Оған мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды.
Пара берген кәсіпкер Құндыз Баяхметоваға 7 млн теңге айыппұл тағайындалды. Пеш пен планшет мемлекет кірісіне тәркіленді.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.