Айдархан Құсайынов: Қазақстанға мыс өндірумен қатар, оны өңдеуге де инвестиция қажет

Айдархан Құсайынов: Қазақстанға мыс өндірумен қатар, оны өңдеуге де инвестиция қажет
Фото: Istock

Қазақстанда мыс өндірісін дамыту үшін шикізат қорының болуы жеткіліксіз. Қолданыстағы зауыттарды жаңғырту және жаңа кәсіпорындар салу үшін ұзақмерзімді әрі айқын экономикалық шарттар қажет. Экономист Айдархан Құсайынов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Ult.kz Informburo.kz-ке сілтеме жасап.

Жуырда бұл мәселе Үкімет отырысында да көтерілді. Премьер-министр Олжас Бектенов отандық металлургия кәсіпорындарын шикізатпен ұзақ мерзімге қамтамасыз ету тетіктерін әзірлеп, терең өңдеу саласына инвестиция тарту жұмысын күшейтуді тапсырды.

Айдархан Құсайыновтың пікірінше, шикізат экспортын шектеу арқылы ғана мәселені шешу мүмкін емес. Жаңа зауыттар салып, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту үшін инвесторларға ұзақ мерзімді әрі түсінікті экономикалық талаптар ұсынылуы керек.

Статистика не дейді?

Экономист кейінгі 35 жылдағы статистика Қазақстанның мыс өнеркәсібіндегі негізгі қайшылықты анық көрсететінін айтты. Осы кезеңде мыс кенін өндіру көлемі 38,5 миллион тоннадан 163,7 миллион тоннаға дейін өскен. Ал тазартылған мыс өндірісі бұрынғы деңгейінде қалған.

"Әрине, өндірілген кенді дайын мыспен тікелей салыстыруға болмайды. Кен құрамындағы металдың үлесі, оны байыту және өңдеу технологиясы әртүрлі. Бірақ негізгі қорытынды өзгермейді: Қазақстан кен өндіруде үлкен серпіліс жасады, ал металлургияны сол деңгейде дамыта алмады", – деді Айдархан Құсайынов.

Тәуелсіздік жылдары елімізде жаңа кен орындары игеріліп, тау-кен кәсіпорындары мен байыту фабрикалары іске қосылды. Бұл бағытқа миллиардтаған доллар инвестиция салынды. Ал металлургия саласында дәл осындай ауқымды жаңару болған жоқ.

"Біз әлі күнге дейін өткен ғасырда салынған кәсіпорындарға сүйеніп отырмыз. Балқаш мыс балқыту зауыты 1938 жылдан бері жұмыс істейді. Жезқазғандағы кәсіпорын 1970 жылдары іске қосылған. Кез келген жабдық уақыт өте тозады, технология ескіреді, ал экологиялық талаптар күшейеді. Сондықтан бұл кәсіпорындарға тұрақты түрде инвестиция салып, өндірісті жаңғыртып отыру қажет", – деді экономист.

Оның сөзінше, мәселе тек өндіріс көлемі мен кәсіпорын табысына қатысты емес. Мұнда жұмысшылардың қауіпсіздігі, өнеркәсіптік қалалар тұрғындарының денсаулығы және қоршаған ортаның жағдайы да ескерілуге тиіс.

Металлургиядан айырылып қалу оңай, қайта қалпына келтіру қиын

Құсайынов төл металлургияны ұлттық қауіпсіздікпен тікелей байланыстырады. Өйткені елдегі металлургиялық кәсіпорындар стратегиялық өндірістік қуатты сақтауға, білікті мамандар даярлауға және табиғи ресурстарды шетелдік зауыттарға тәуелді болмай өңдеуге мүмкіндік береді.

"Төл металлургия – ұлттық қауіпсіздіктің бір бөлігі. Бұл стратегиялық өндірістік қуат қана емес, білікті кадрлар мен өз ресурстарымызды өзіміз өңдей алу мүмкіндігі. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорыннан айырылып қалу оңай, ал оны кейін қалпына келтіру әлдеқайда қиын әрі қымбат. Қажетті инвестицияны неғұрлым ұзақ уақытқа кейінге қалдырсақ, жаңғырту құны да соғұрлым өсе береді", – деді ол.

Қазақстан кәсіпорындарды әлемдік мыс өңдеу саласы күрделі кезеңді бастан өткеріп жатқан уақытта жаңғыртуға мәжбүр.

Кен өндіруші компаниялар мыс концентратын шығарады, ал металлургиялық кәсіпорындар оны дайын металға айналдырады. Осы қызмет үшін зауыттарға TC деп аталатын арнайы өңдеу ақысы төленеді. Алайда 2026 жылы оның әлемдік бағдарлы мөлшерлемесі нөлге дейін төмендеп, спот нарығындағы кейбір көрсеткіштер теріс мәнге түскен.

"Өңдеу ақысының нөлге түсуі зауыттар да тегін жұмыс істейді деген сөз емес. Кәсіпорындар электр энергиясына ақы төлейді, жұмысшыларға жалақы береді, жабдықтарды жөндеп, экологиялық шараларды қаржыландырады. Бұл шығындардың ешқайсысы жоғалған жоқ", – деді Құсайынов.

2025 жылы мыс балқыту кәсіпорындарының тікелей шығыны әлем бойынша құрғақ концентраттың бір тоннасына орта есеппен 124 долларды құраған. Қытайда бұл көрсеткіш шамамен 58 доллар болған. Оның өзінде бұл есепке күрделі инвестициялық шығындар кірмеген.

Металлургиялық кәсіпорындар мыс өңдеумен қатар, концентрат құрамынан алынатын алтын, күміс және күкірт қышқылын сатудан да табыс табады. Бірақ олардың бағасы тұрақсыз.

"Бүгін ілеспе өнімдер елеулі кіріс әкелуі мүмкін, ал ертең нарықтағы жағдай өзгереді. Сондықтан миллиардтаған инвестицияны тек алтын, күміс немесе күкірт қышқылынан түсетін табысқа сүйеніп жоспарлау қауіпті", – деді экономист.

Оның айтуынша, Қазақстан ондаған жыл бойы кен өндірісін арттыруға қаржы салды. Енді әлемдік мыс өңдеу экономикасы күрделенген кезеңде ескірген металлургиялық кәсіпорындарын жаңғырту міндеті тұр.

Мыс қымбаттап жатыр, зауыттар неге жабылады?

Мыстың әлемдік бағасы мен оған сұраныс артып келе жатқанымен, бұл мыс балқытатын кәсіпорындардың міндетті түрде пайда табатынын білдірмейді.

1980 жылдары АҚШ-та шамамен 15 мыс балқыту зауыты жұмыс істесе, бүгінде олардың екеуі ғана қалған. Чилиде бірқатар кәсіпорын жабылған. Филиппиндегі PASAR зауыты 2025 жылғы ақпанда жұмысын уақытша тоқтатқан.

"Мұның себептері әртүрлі. Өндіріс шығыны жоғары, технологиялар ескірген, экологиялық талаптар күшейген, кейбір кәсіпорындар толық қуатында жұмыс істемейді. Бірақ бұдан шығатын ортақ қорытынды біреу: мысқа сұраныстың артуы зауыттың тұрақты әрі табысты жұмыс істеуіне өздігінен кепілдік бермейді", – деді Құсайынов.

Ал Қытайдағы жағдай өзгеше. Кейінгі жиырма жылда бұл ел әлемдегі ең ірі мыс өңдеу орталығына айналды. Халықаралық энергетика агенттігінің мәліметінше, 2005 жылдан бергі әлемдік мыс балқыту өндірімі өсімінің 90 пайыздан астамы Қытайға тиесілі.

Экономист мұны өндіріс ауқымының үлкендігімен, заманауи технологиялармен, дамыған инфрақұрылыммен және шығынның салыстырмалы түрде төмен болуымен түсіндірді.

"Қазақстан халықаралық тәжірибені ескеруге тиіс. Елде мыс кені мен металлургия зауыты бар екен деп, бұл сала мәңгі жұмыс істей береді деп ойлауға болмайды. Металлургияны бір рет салып қою жеткіліксіз. Оны үнемі дамытып, жаңғыртып, бәсекеге қабілетті жұмыс істеуіне жағдай жасау керек. Әйтпесе ондаған жылдық тарихы бар кәсіпорындардың өзі жабылу қаупіне тап болады", – деді ол.

Экспортты шектеу жаңа зауыттарды өздігінен пайда қылмайды

Әлем елдері мыс өңдеу өнеркәсібін қолдау үшін әртүрлі тәсіл қолданып келеді. Индонезия мыс концентратының экспортын шектеу арқылы шикізатты ел ішінде өңдеуге басымдық берген. Конго Демократиялық Республикасы да 2026 жылы мыс пен кобальт концентраттарын сыртқа шығаруға салынған тыйымды жаңартқан.

Австралия жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға тікелей қолдау көрсетуді таңдады. Ел билігі Mount Isa мыс балқыту зауыты мен Townsville тазарту кәсіпорнына үш жылға шамамен 395 миллион доллар көлемінде көмек бөлетінін жариялаған.

Ал Қытай мыс балқыту қуатын шектен тыс ұлғайтпай, кәсіпорындардың шикізат базасын нығайтуға көшті. Ел геологиялық барлау жұмыстарын кеңейтіп, ішкі өндірісті арттыруға және шетелдік концентрат жеткізушілермен ұзақ мерзімді келісімдер жасауға басымдық беріп отыр.

Құсайынов Қазақстанға кен өндіруші компаниялар мен өңдеуші кәсіпорындардың мүддесі арасындағы теңгерімді табу қажет деп санайды.

2025 жылы Қазақстан құны 2,8 миллиард доллар болатын 1,4 миллион тоннадан астам мыс кені мен концентратын экспорттаған. Алайда елдегі металлургиялық қуат өндірілетін шикізаттың бәрін өңдеуге жетпейді.

"Мыс концентратының экспортын ертең толық шектеген күннің өзінде, жаңа зауыттар бірден пайда болмайды. Қосымша өндірістік қуат салу үшін инвестиция қажет. Сондықтан ең алдымен инвесторға қолайлы және түсінікті экономикалық жағдай жасауымыз керек", – деді экономист.

Бұл бағытта белгілі бір жобалар қолға алынған. Солардың бірі – Балқашта жылына 300 мың тонна катодты мыс өндіретін жаңа мыс балқыту зауытын салу.

Құсайыновтың айтуынша, мұндай кәсіпорын мыс көлемін арттырумен ғана шектелмейді. Заманауи технология концентрат құрамындағы бағалы металдарды бөліп алуға, күкірт қышқылын және басқа да ілеспе өнімдерді шығаруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде шикізаттан алынатын қосылған құнның едәуір бөлігі ел ішінде қалады.

"Мемлекет өңдеу өнеркәсібін дамытуға шешім қабылдады екен деп, ірі инвестиция өздігінен келмейді. Инвестор кәсіпорынның қандай талаппен жұмыс істейтінін, өңдеу құнының қалай қалыптасатынын және салған қаражатын ненің есебінен қайтаратынын түсінуі керек. Сондықтан экспортты шектеуден бұрын, ел ішінде өңдеуге тиімді экономикалық жағдай қалыптастыру маңызды", – деді ол.

Тариф зауыттарға қосымша табыс беретін құрал болмауы керек

Кен өндіруші компаниялар мен металлургия зауыттары өңдеу құны жөнінде өзара келісе алады. Бірақ нарықта қалыптасқан баға кәсіпорынның тұрақты жұмыс істеуіне және өндірісті жаңғыртуына жеткіліксіз болуы мүмкін.

2026 жылы әлемдік TC мөлшерлемесінің нөлге дейін түсуі металлургиялық кәсіпорындардың нақты шығыны да нөлге айналды дегенді білдірмейді. Сондықтан Қазақстан жаңа өндірістік қуаттарға инвестиция тартқысы келсе, өңдеу құнын тек әлемдік нарықтағы қысқа мерзімді жағдайға тәуелді етпеуге тиіс.

Құсайынов осыған байланысты мыс концентратын өңдеу тарифін айқындау әдістемесін қолдайтынын айтты.

"Ұсынылып отырған тәсіл зауыттардың шығынын мемлекеттік бюджет есебінен жабуды көздемейді. Мұнда өндірістік шығынды, нормативтік пайданы және инвестицияны ескеретін экономикалық негізделген тариф қалыптастыру ұсынылып отыр", – деді ол.

Экономистің пікірінше, тариф кәсіпорындарға негізсіз қосымша кіріс беретін құралға айналмауы керек. Егер зауыт жаңғыртуға жұмсалатын шығынды тарифке қосуды ұсынса, инвестицияның қажеттілігін дәлелдеп, нақты жобаны көрсетіп, оның нәтижесін негіздеуге тиіс.

"Зауыт жаңғырту шығынын тарифке қосқысы келсе, жобасын ұсынып, қанша қаражат қажет екенін және оның қандай нәтиже беретінін көрсетуі керек. Реттеудің мақсаты кәсіпорынға кепілдендірілген табыс беру емес, өндірістің дамуына мүмкіндік жасайтын экономикалық жағдай қалыптастыру болуы қажет", – деді Құсайынов.

Ол жаңа әдістемені металлургиялық кәсіпорындарды мемлекеттік бюджет есебінен тұрақты қолдаудың емес, жеке инвестиция тартудың құралы ретінде қарастыру керектігін атап өтті.

Металлургияға салынған инвестиция бірнеше ұрпаққа қызмет етеді

Айдархан Құсайыновтың пікірінше, төл металлургияны дамыту тек мыс өндірісін арттырумен шектелмейді. Металлургиялық зауыт тұтас өнеркәсіптік тізбектің дамуына жол ашады.

Мұндай кәсіпорын шикізатқа тұрақты сұраныс қалыптастырып, кен өндіруді, геологиялық барлауды және байыту өндірісін ынталандырады. Сонымен бірге мыс катанкасын, кабель, сым, фольга, электротехникалық жабдық және басқа да жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кәсіпорындарды металмен қамтамасыз етеді.

Қазір Қазақстанда мұндай өндірістердің үлесі шамамен 5 пайыз ғана.

"Өнеркәсіпті кеңейтіп, жаңа инвестиция тартудың негізгі мүмкіндігі дәл осы бағытта жатыр. Металлургия зауытының айналасында көлік, энергетика, машина жасау, жөндеу және сервистік қызмет көрсету салалары дамиды. Инженерлерге, технологтерге және басқа да білікті мамандарға сұраныс артады", – деді экономист.

Ол Балқаш мыс балқыту зауытын осының нақты мысалы ретінде атады. 1938 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорында бірнеше буын еңбек еткен. Зауыт тұтас қаланың экономикасын ұстап тұрған негізгі тіректердің біріне айналды.

"Жаңа металлургиялық қуат салу мен қазіргі кәсіпорындарды жаңғыртуды тек салынған қаражаттың қанша уақытта қайтарылатынымен бағалау дұрыс емес. Мұндай жобалардың әсері өндіріс орнының шеңберінен әлдеқайда кең. Бұл – жаңа жұмыс орындары, салық түсімі, сабақтас салалардың дамуы және өндірістік тәжірибенің ел ішінде сақталуы", – деді Құсайынов.

Төл металлургия Қазақстанның халықаралық өндірістік ынтымақтастықтағы мүмкіндігін де кеңейтеді. Шетелдік серіктестерге шикі концентрат ұсыну мен олармен бірлесіп металл және жоғары деңгейде өңделген өнім шығару арасында үлкен айырмашылық бар.

"Саланың жетістігін өндірілген мыс көлемімен ғана өлшеуге болмайды. Металлургияның айналасында қанша жаңа кәсіпорын ашылды, қанша жұмыс орны құрылды және елде қандай технологиялық құзыреттер қалыптасты деген көрсеткіштер де маңызды. Өйткені металлургияға салынған инвестиция бір ғана экономикалық кезеңге емес, бірнеше ұрпақтың болашағына қызмет етеді", – деп қорытындылады экономист.