Елордада өткен «Әділет» партиясының II Съезі елдің саяси өміріндегі бетбұрыс кезеңге айналды. Жиынды қорытындылаған партия төрағасы Айбек Дәдебай делегаттар алдында сөйлеген сөзінде қабылданған шешімдердің мемлекет үшін маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бұл жай ғана кезекті басқосу емес, Қазақстанның саяси тарихындағы жаңа дәуірдің бастауы, деп хабарлайды ult.kz.
Партия жетекшісі съезде қабылданған маңызды қадамдарға жеке-жеке тоқталды. Біріншіден, еліміздің барлық аймағында «Әділет» партиясының филиалдары құрылып, олардың жұмыс істеу ережесі бекітілді, бұл ұйымның өңірлердегі ықпалын күшейтпек. Екіншіден, ең басты тарихи оқиға ретінде «AMANAT» партиясының «Әділет» партиясына қосылуы туралы шешім ресми түрде бекітілді. Айбек Дәдебай бұл қадамды жай ғана екі ұйымның механикалық түрде күш біріктіруі емес, елдегі реформашыл және жауапты күштердің бір мақсатқа жұмылуы деп бағалады.
«Бұл — мемлекет пен қоғамның мүддесін, ел болашағын жеке амбициялардан жоғары қоюдың жарқын үлгісі әрі қоғамдық сананың толысқандығының нышаны. Әділетті Қазақстанды құру жолындағы бұл саяси бірігу — іс жүзіндегі салиқалы амал», — деп атап өтті партия төрағасы.
Ұйым жетекшісінің мәлімдеуінше, осы тарихи съезден кейін «Әділет» партиясы мүлде жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, қоғамдық өмірге тікелей ықпал ететін тегеурінді күшке айналды. Ендігі жерде партия Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған реформалардың және халық қолдаған жаңа Конституцияның басты саяси тірегі ретінде беки түспек.
Сөз соңында Айбек Дәдебай партияның алдағы басты міндеті — жақтастары мен делегаттардың сенімін ақтау екенін жеткізді. Ол жаңа Ата заңның әрбір қағидасы қағаз жүзінде қалмай, нақты өмірде орындалуы тиіс екенін және әділеттілік пен заң үстемдігі әр азаматтың күнделікті өмірінде сезілуі үшін партия бар күш-жігерін салатынын айтып, жаңа кезеңдегі жұмысқа сәттілік тіледі.