Эстрада әншісі, танымал музыкант, Ресей Федерациясының халық әртісі Александр Серов НТВ арнасындағы "Секрет на миллион" бағдарламасына келіп, бұрынғы әйелі Елена Стебуновамен неліктен ажырасып кеткені туралы және Динара Назарбаева сыйлаған бағалы сағат жайында айтып берді.
Әңгіме барысында ол әйелінің ішімдікке құмар болғанын, көзіне шөп салғанын және ұрлық жасағанын да ашық айтты.
Жүргізушінің қолсағатқа қатысты оқиға туралы сұрағына ол:
"Құрметті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Динара маған үлкен қорапшаға салынған ерекше сағатты сыйға тартқан болатын. Мен оны үйге алып келдім. Сосын орнына қойдым. Оны барлығы көрді. Лена (бұрынғы әйелі) асүйден қарап тұрды. Мишель де сағатқа көз салып, бағасын білгісі келіп ғаламторды ашты. Бір мезетте, ол шауып келіп: "Әке сенің сағатың 310 мың доллар тұрады" деді...
Көп ұзамай мен гастролдік сапарға аттандым. Ал сағатты сейфке тығып қоймай, кабинетімде қалдырып кеттім. Бір аптадан кейін келсем, сағат орнында жоқ. Соң-соң Мишельден сағаттың қайда екенін сұрадым. Ол анасының Ира деген құрбысы келіп, бұйымды әлдеқашан сатып алғанын айтты. "Қаншаға алды, қалай болды?" десем, "130 мың долларға алды-ау деймін" деп жауап берді. Содан әйеліме: "бұл ісіңді қалай түсінейін?" дедім. Ол болса, "не болды, мен де жақсы өмір сүргім келеді" деп жауап қатты, - деп шындығын айтты Серов.