Синоптиктер 28-30 тамыз күндерінің ауа райына болжам жасады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазақстан аспанында тұрған биік циклон алдағы үш күнде республика аумағының басым бөлігінде жаңбыр жаууына себепші болады. Солтүстік және орталық облыстарда күзге тән салқын ауа райы сақталып, ауа температурасы климаттық нормадан 2-3°С төмен болады. Сондай-ақ, елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында да салқын ауа ағынына байланысты ауа температурасы климаттық нормадан 1-3°С төмен болады», - делінген «Қазгидрометтің» хабарламасында.
Тек Қазақстанның батысында ғана жер бетіне жақын антициклон және Кіші Азиядан ыстық ауа ағындарын әкелетін оңтүстік-батыс тропосфера ағындарының ықпалынан күн жауын-шашынсыз болып, ауа температурасы 28...35°С, тіпті кей жерлерде 40°С-қа дейін жетеді.