Фото: instagram.com/de_lacure
Алматы полициясы қазақстандық рэпер Әнуар Баймұхаевтың (De Lacure) YouTube-шоуда айтқан даулы мәлімдемесіне қатысты тексеру жүргізіп жатыр. Бұл туралы Алматы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Әлеуметтік желілерде тараған «Мне стыдно» атты әлі жарыққа шықпаған шоу үзінділерінен кейін қоғам өкілдері айтылған оқиғаға құқықтық баға беруді талап еткен.
Аталған бағдарлама — комиктер мен блогерлер қатысатын ойын-сауық жобасы. Онда қатысушылар жеке өміріндегі ыңғайсыз немесе “ұят” жағдайларымен бөліседі.
Тараған бейнежазбада рэпердің айтуынша, ол достарымен бірге көшеде келе жатып, көмек сұраған әйелді тапқан. Кейін ол жерде болған оқиғаға байланысты күмәнді жайттар баяндалған. Бұл әңгіме көпшілік арасында резонанс тудырды.
Полиция бұл деректерге байланысты тексеру басталғанын хабарлады. Дегенмен ведомство мұндай жағдайларда кейде ақпараттың хайп үшін бұрмалануы мүмкін екенін де жоққа шығармай отыр.
“Егер деректер расталса, міндетті түрде құқықтық баға беріледі. Бірақ тәжірибеде кейде танымал болу үшін жалған ақпарат тарату жағдайлары да кездеседі,” – деді Салтанат Әзірбек.
Сонымен қатар, ол ақпарат расталған жағдайда кінәлілер заң алдында жауап беретінін атап өтті. Ал рэпердің әрекетсіздігіне қатысты жауапкершілік мәселесі әзірге қарастырылу сатысында.
