Фото: gov.kz
2026 жылғы 5 мамырда Астанадағы Maqsut Narikbayev University базасында Францияның Қазақстандағы Елшілігінің бастамасымен «Lumières» қорының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Ult.kz.
"Maqsut Narikbayev University Қазақстанда «Lumières» Қорының қызметін бастауға арналған институционалдық алаң болып табылады, қажетті инфрақұрылымдық және ұйымдастырушылық қолдауды қамтамасыз етеді. Университет жоба бастамасынан бері оның дамуына белсенді атсалысып, Қорды Қазақстан мен Франция арасындағы академиялық және ғылыми ынтымақтастықты кеңейтудің маңызды элементі ретінде қарастырады", - делінген хабарламада.
«Lumières» қоры – екі ел арасындағы жоғары білім беру саласындағы байланысты нығайтуға бағытталған құрылым. Қор ұзақ мерзімді тұжырымдамалық жұмыстың нәтижесінде құрылған және оның қызметі үш негізгі бағытқа негізделген: ілгерілету, қаржыландыру және жаңа бастамаларды дамыту.
Қордың басты миссиясы – бірлескен білім беру жобаларын біріктіру, студенттердің академиялық ұтқырлығын қолдау және Қазақстандағы француз кәсіпорындарының кадрлық қажеттіліктерін қамтамасыз ету. Сонымен қатар қор оқу бағдарламаларына арнайы талаптар негізінде сапа сертификаттарын беруді көздейді.
Бүгінде қордың веб-платформасында 17 қос дипломдық бағдарлама мен 40-қа жуық серіктестік туралы ақпарат қолжетімді. Сондай-ақ ұйым Астана және Алматы қалаларында жыл сайын бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізуді жоспарлап отыр. Бұл бастамалар академиялық орта мен бизнес қауымдастық арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Қор қызметінің маңызды бағыттарының бірі – қазақстандық студенттердің Францияда білім алуына жағдай жасау. Атап айтқанда, бакалавриат деңгейінде академиялық ұтқырлық гранттарын қаржыландыру және жаңа білім беру бағдарламаларын іске қосу үшін инвестициялар тарту көзделген. Бұл мақсатта француз және қазақстандық мемлекеттік әрі жеке сектор қаражаты жұмылдырылады.
Жоба аясында білім алған студенттер француз және еуропалық стандарттарға сай даярланып, Қазақстанда еңбек етуге бағытталады. Осылайша Франция Орталық Азия жастарының кәсіби дамуына өз үлесін қоспақ.
Айта кетейік, «Lumières» қоры Франция–Қазақстан сауда-өнеркәсіп палатасының қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Қор атауы XVIII ғасырдағы Франциядағы Ағартушылық дәуіріне сілтеме жасап, ғылым мен білімнің дамуын білдіреді.
