Фото: ашық дереккөз
Продюсер Баян Алагөзова актриса Меруерт Өтекешоваға ай сайын 1 миллион теңге көлемінде өмір бойы зейнетақы тағайындағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.
Сонымен қатар ол өзі ұйымдастырып жүрген «Қазақ аруы» байқауының алдағы маусымы дәл осы актрисаға арналатынын айтты.
Бұл шешім қоғамда қызу талқыланған жағдайдан кейін қабылданған. Атап айтқанда, Қыз Жібек фильмінде актриса киген тарихи қызғылт камзолдың продюсердің жеке коллекциясында болуы көпшіліктің назарын аударған еді.
Баян Алагөзова бұл қолдауды өзінің және жұбайының атынан актрисаға деген алғыс белгісі ретінде ұсынғанын жеткізді. Бұдан бөлек, ол халық әртісіне бағалы тон сыйлап, Меруерт Өтекешованы «қазақ қызының мәңгілік символы» деп атады.
Даулы камзолға қатысты продюсер оның болашақта мұражайға тапсырылуы мүмкін екенін айтты.
«Жәдігердің тағдырын халық пен тиісті органдар шешеді. Қазір ол менде қауіпсіз жерде сақтаулы», – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі аталған тарихи бұйымның жеке қолға қалай өткенін тексеретінін хабарлаған болатын.
Қыз Жібек фильмі 1969–1970 жылдары түсірілген. Картина қазақ киносының алтын қорына енген, ал фильмдегі қызғылт камзолдың авторы – белгілі суретші Гүлфайрус Исмаилова.
