13 нау, 2026 сағат 11:24

2026 жылғы «Оскар»: кім жеңуі мүмкін?


Фото: kinopoisk.ru
BBC киносыншылары 2026 жылғы «Оскар» сыйлығы қарсаңында негізгі номинациялар бойынша соңғы болжамдарын жариялады. Сарапшылардың пікірінше, биыл бірнеше категорияда айқын фавориттер бар, ал кейбірінде бәсеке өте тартысты болуы мүмкін, деп хабарлайды Ult.kz.

Үздік фильм номинациясында басты тартыс «Бір шайқастан кейін тағы бір шайқас» пен «Күнәһарлар» (One Battle After Another мен Sinners) арасында өтеді. Сыншылардың бір бөлігі Пол Томас Андерсонның фильмін фаворит санаса да, соңғы марапаттардан кейін «Күнәһарлар» жеңіске жетуі мүмкін деген болжам бар.

Үздік режиссер аталымында Пол Томас Андерсон негізгі үміткер ретінде аталады. Оның «Бір шайқастан кейін тағы бір шайқас» фильмі маусым бойы түрлі сыйлықтарды жеңіп алып, режиссердің мансабындағы ең мықты жұмыстардың бірі деп бағаланып отыр.

Үздік актриса номинациясында сарапшылардың көбі Джесси Бакли-дің «Хамнет» фильміндегі рөлін фаворит деп есептейді. Ол Шекспирдің жұбайының бейнесін әсерлі сомдап, маусым бойы басты үміткер ретінде қарастырылып келеді.


Фото: Universal Pictures
Үздік актер аталымында күрес өте тартысты. Соңғы марапаттардан кейін Майкл Б. Джордан-ның «Күнәһарлар» фильміндегі рөлі алға шықты. Ал Тимоти Шаламе-нің «Марти Суприм» фильміндегі ойыны да жоғары бағаланғанымен, оның мүмкіндігі сәл төмендеген.

Екінші пландағы актерлер номинацияларында да тартыс бар. Шон Пенн («Бір шайқастан кейін тағы бір шайқас») мен Стеллан Скарсгард («Сентименталды құндылық») арасында бәсеке қатты болуы мүмкін. Ал Тейана Тейлор мен Эми Мэдиган екінші пландағы үздік актриса номинациясында басты үміткерлер саналады.


Фото: Warner Bros
Үздік түпнұсқа сценарий бойынша «Күнәһарлар» фаворит. Бұл фильм 2025 жылғы ең табысты түпнұсқа жобалардың бірі болды. Ал «Бір шайқастан кейін тағы бір шайқас» «үздік бейімделген сценарий» номинациясында негізгі үміткер ретінде аталып отыр.

Анимациялық фильмдер арасында сарапшылар «K-pop жын аулаушылар» мультфильмін басты фаворит деп санайды.


Фото: Netflix
Ал үздік халықаралық фильм аталымында «Құпия агент» пен «Сентименталды құндылық» фильмдері арасында тартыс күтілуде.

BBC киносыншыларының болжамына қарағанда, биылғы «Оскар» жарысы бірқатар номинацияда алдын ала белгілі болғанымен, бірнеше категорияда нәтижені соңғы сәтке дейін болжау қиын.

Айта кетейңк, 98-ші «Оскар» сыйлығын табыстау рәсімі 15 наурыз күні өтеді.