12 нау, 2026 сағат 10:10

Суперкомпьютер дәуірі: Қазақстан ғылымының жаңа инфрақұрылымы


Қазіргі ғылым мен технологияның қарқынды дамуы жоғары өнімді есептеу жүйелерінсіз мүмкін емес. Осындай стратегиялық инфрақұрылымның бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде іске қосылған суперкомпьютер орталығы. Бұл нысан Қазақстандағы алғашқы ірі академиялық есептеу кластері ретінде түрлі ғылыми салалардың дамуына серпін беріп отыр.

Орталықтың негізгі бағыты – академиялық есептеу экожүйесін дамыту. Мұнда жасанды интеллект, үлкен деректерді (Big Data) талдау, астрофизикалық және мультифизикалық модельдеу, тіл технологиялары мен робототехника бағыттарындағы зерттеулер жүзеге асырылады.

Суперкомпьютер орталығының желілік қауіпсіздік инженері, PhD дәрежесінің иегері Алдияр Агишев бұл жүйенің ғылыми әлеуетін жоғары бағалайды. Оның айтуынша, суперкомпьютер тек есептеу құралы ғана емес, кешенді ғылыми зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беретін толыққанды платформа. Бұл суперкомпьютерінің есептеу қуаты шамамен 2 петафлопсқа тең. Жүйе 400 CPU түйіні, 30 GPU түйіні және жоғары өнімді есептеулерге арналған 20 арнайы HPC түйінінен тұрады. Деректерді сақтау көлемі 6 петабайтты құрайды.

Бұл инфрақұрылым биология, физика, химия, география, математика, заң және тілдерді өңдеу сияқты көптеген салаларда кеңінен қолданылып келеді. Бүгінде орталықта бірқатар ірі ғылыми жобалар жүзеге асырылуда. Соның ішінде «Қазгидрометпен» бірлескен ауа райын болжау модельдері ерекше орын алады.

Жоғары өнімді есептеу жүйелері климаттық өзгерістерді модельдеуге, аймақтық сценарийлер құруға, атмосфералық процестерді талдауға және экологиялық тәуекелдерді болжауға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе Орталық Азия үшін өзекті мәселе – құрғақшылық, су ресурстарының азаюы және экстремалды ауа райы құбылыстарының жиілеуі жағдайында маңызды.

Суперкомпьютер көмегімен алынған ғылыми модельдер ауыл шаруашылығы, су ресурстарын басқару және экологиялық қауіпсіздік салаларында нақты шешім қабылдауға негіз бола алады.

Орталықта инженерлік және физикалық модельдеуге арналған мультфизикалық жобалар да қатар дамып келеді. Сонымен қатар құқық саласындағы деректерді талдау бағытында зерттеулер жүргізілуде.

Назарбаев университетімен жаңа материалдар мен химиялық модельдеу саласында бірлескен жобалар бастау жоспарланған. Ал Фесенков атындағы Астрофизика институтымен жұлдыз эволюциясын зерттеу және бақылау деректерін жасанды интеллект арқылы автоматты өңдеу бағытында жұмыс жүргізілуде.

Алдияр Агишевтің айтуынша, суперкомпьютердің мүмкіндігі бұрын қолжетімсіз болған күрделі ғылыми есептерді шешуге жол ашқан. Соның нәтижесінде жұлдыздардың эволюциялық модельдерін есептеу сияқты көппараметрлі зерттеулер алғаш рет жүзеге аса бастады. 2025 жылдың өзінде осы бағытта төрт халықаралық ғылыми мақала жарияланған.

Сонымен қатар орталықтың тәжірибесі оқу үдерісіне енгізіліп, студенттерге арналған жаңа курстар ашылуда. Бұл болашақ мамандардың цифрлық ғылым мен жоғары өнімді есептеуге бейімделуіне жол ашады.

Ғалымның пікірінше, Қазақстандағы IT және жасанды интеллект саласы қарқынды дамып келеді. Мемлекеттік деңгейде AI технологияларына басымдық берілуі бұл бағыттың стратегиялық маңызын арттыра түсті.

Сонымен бірге қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі орны да кеңейіп келеді. KazLLM сияқты жобалар қазақ тілін жасанды интеллект жүйелеріне бейімдеуге мүмкіндік беріп отыр.