10 нау, 2026 сағат 16:29

"Ол кезде бұл жай ғана күнделікті сәттер еді": Арман Дәулетияров анасы туралы әсерлі жазба жариялады


Фото: Видеодан скриншот

Белгілі медиаменеджер Арман Дәулетияров әлеуметтік желідегі парақшасында анасы туралы әсерлі жазба жариялап, оқырмандарымен естелігін бөлісті, деп хабарлайды Ult.kz.

Ол анасының туған күніне орай ескі бейнежазбаларды қарап отырып, бірге өткізген сәттерді сағынышпен еске алғанын айтты.

«Бүгін анам 89 жасқа толар еді. Ескі видеоларды қайта қарап отырмын. Біз бірге серуендеп жүрміз, күлеміз, әңгімелесеміз. Ол кезде бұл жай ғана күнделікті сәттер еді. Бір күні дәл сол сәттердің ең қымбат естелікке айналатынын ешкім ойламайды. Анамның өмірден өткеніне үш жыл болды. Бірақ оның естелігі ешқашан жоғалған жоқ», – деп жазды ол.


Медиаменеджердің айтуынша, анасы өмір бойы тұрған үй бүгінде игі іске қызмет етіп тұр. Қазір бұл жерде Айман ана мешіті орналасқан. Мұнда тұрғындар құлшылық жасап, балаларға ислам негіздері мен Құран оқуы үйретіледі. Дәулетияров өзі үшін мұның мәні ерекше екенін жеткізіп, үйдің жақсы бағытта жұмыс істеп тұрғанына қуанышын білдірді.

Сондай-ақ ол туған үйіне барған сайын балалық шағы өткен бөлмелерді аралап, ерекше сезімге бөленетінін жеткізді.

«Жылдың кез келген уақытында ата-бабамның үйіне бара аламын. Өзім туып-өскен, ата-анаммен бірге бақытты балалық шағым өткен таныс бөлмелермен жүріп өтемін. Бұл сөзбен айтып жеткізу қиын ерекше сезім», – деп жазды ол.


Арман Дәулетияров былтыр анасының өмір жолы туралы «Мама Айман» атты кітап жазған. Еңбек қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген.

Автордың айтуынша, кітапта тағдырдың түрлі сынақтарына қарамастан, отбасына, балаларына және халқына адал болған қазақ әйелінің өмірі баяндалады.

Ол ата-анаға деген құрметтің ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын атап өтті.

«Балалар әрқашан бізге қарайды. Біздің ата-анамызға қалай қарайтынымызға қарап, олар отбасы, құрмет пен алғыс дегеннің не екенін түсінеді», – деп түйіндеді ол.