Фото: astanatv.kz
Әр мереке өзіне тән дәстүрмен ерекшеленеді. Дәл солай Ұлыстың ұлы күнінде де ырым-жоралғыларды сақтаған абзал.
Ертеден келе жатқан дәстүрлерге сүйенсек, Наурыз күні үй тазалау, қарыздан құтылу, ағаш егу, Наурыз көже дайындау, үлкендерден бата алу сияқты іс‑әрекеттер ерекше маңызды болған. Мұндай ырымдар мен дәстүрлер халыққа тек мерекелік көңіл сыйлап қана қоймай, жыл бойы молшылық, береке және бірлік орнатуға бағытталған.
Наурыз қарсаңындағы тазалық дәстүрі
Наурыз мерекесі қарсаңында қазақ халқы үйді толық тазалауға ерекше мән берген. Халық арасында «Жаңа жылды таза үйде қарсы алу керек» деген түсінік кең тараған. Сол себепті адамдар мерекеге дейін үй ішін ретке келтіріп, аула-қораны жинап, шаң-тозаңнан арылуға тырысқан. Сонымен қатар ескі, қажетсіз заттарды шығарып, үйді жаңартқан. Бұл дәстүр тек тазалық үшін ғана емес, жамандық пен ауырлықты артта қалдырып, жаңа жылды таза көңілмен қарсы алу деген мағынаны білдіреді.
Ескі ренішті кешіріп, қарыздан құтылу – жаңа жылға аяқ басу
Наурыз мерекесі қарсаңында қазақ халқы қарыздарын қайтаруға және ренжіскен адамдармен татуласуға ерекше мән берген. Ертеде адамдар жаңа жылға кірер алдында барлық қаржылық міндеттерін реттеп, бір-біріне берешегін қайтаруға тырысқан. Сонымен қатар, өткен жылдағы келіспеушіліктер мен өкпені ұмытып, ренжіскен туыс‑таныспен татуласқан. Халық сенімінде «Жаңа жылды өкпе‑ренішпен бастау жаман» деген түсінік болғандықтан, жылды таза көңілмен, бірлік пен келісімде қарсы алу маңызды саналатын.
Жер ананы құрметтеу – ағаш отырғызу, бұлақ көзін ашу, тал егуден басталған
Наурыз мерекесінде кей өңірлерде адамдар табиғатпен үйлесімде өмір сүруді ерекше атап өткен. Сол күндері ағаш отырғызу, бұлақ көзін ашу, тал егу сияқты дәстүрлер орындалған. Бұл әрекеттер халықтың табиғаттың жаңаруын құрметтеуін білдірген және жаңа жылда жер мен өсімдіктің молшылыққа кенелуіне ниет білдіру болып саналған. Осындай дәстүрлер арқылы адамдар табиғатқа қамқорлық жасап, мерекенің рухани мәнін арттырған.
Наурыз көже – мейрамның басты асы
Наурыз мерекесінің басты тағамы – Наурыз көже. Қазақ дәстүрінде оның құрамында жеті түрлі тағам болуы керек деп сенген. Бұл жеті ингредиент халық үшін жеті ырыстың символы болып саналған:су,ет,тұз, дән,май,айран,тағы бір тағам түрі.
Халық нанымында, Наурыз көжеден дәм татқан адам жыл бойы тоқ болады, яғни молшылыққа кенеледі деген ырым бар. Сол себепті әр үй Наурыз күні дастарханға көжені дайындап, қонақтарға ұсынып, бірлікті, берекені және жақсылықты тіледі.
Таңды қарсы алу
Көне дәстүрде Наурыз мейрамы күні адамдар таңды ерте қарсы алған. Халық сенімінде «Күнмен бірге оянған адамның жолы болады» және «Күннің алғашқы шуағы береке әкеледі» деген түсінік болған. Сондықтан Наурыз күні таңертеңгілік күннің алғашқы сәулесін қарсы алып, жаңа жылды үміт пен қуанышпен бастау дәстүрге айналған.
Батаменен – ел көгерер
Наурыз күні үлкендерден бата алу – қазақ дәстүріндегі ерекше рәсім. Ақсақалдар жастарға бақ, береке, ұзақ ғұмыр және ел тыныштығын тілеген. Халық арасында «Наурызда алған бата қабыл болады» деген сенім бар. Бұл дәстүр жастарға өнеге болып, халық арасындағы татулық пен бірлікті нығайтады.
Мол дастархан мен сый-сияпат – Наурыз мерекесінің басты дәстүрі
Ертеде Наурыз күні әр үйдің есігі ашық болып, келген қонақ міндетті түрде дастарханнан дәм татқан. Бұл дәстүр қонақжайлық пен берекенің белгісі саналған. Адамдар бір-біріне сыйлық жасап, көңілдерін жадырап, мерекелік дастархан басында жақсылық тілеген.
Жақсылық жасап жарысқан
Наурызда адамдар мұқтаж жандарға көмектесіп, жетім-жесірге қол ұсынған. Бұл дәстүр жыл бойы жақсылық қайтып келеді деген сеніммен байланысты болған. Халық мерекеде тек өздерін ғана емес, айналасындағыларды да ойлап, бірлік пен ізгілік орнатуға мән берген.
Ақ мол болсын
Кей өңірлерде Наурыз күні сүт, айран, құрт сияқты ақ тағамдарды шашу ырымы болған. Бұл әрекет молшылық пен тоқшылықты білдіреді. Адамдар бұл дәстүр арқылы жаңа жылда елдің байлығы мен малының мол болуын тіледі.
Жаңа жылда жаңа киім кию
Наурызда адамдар жаңа немесе таза киім киюге тырысқан. Халық сенімінде «Жаңа жылды жаңа киіммен қарсы алсаң, жыл бойы жақсылық болады» деген ырым бар. Бұл дәстүр мерекенің жаңару, тазалық және үміт символы екенін көрсетеді.
