14 мам, 2026 сағат 16:27

Жүргізушісі полициядан қашқан ақтөбелік шенеунік отставкаға кетті


Фото: depositphotos.com


Ақтөбе облысында полициядан қашқан көлікке қатысты оқиға әлеуметтік желіде тарады. Видеода патрульдік полицияның тоқтау туралы талабына бағынбаған жүргізуші кейінірек тоқтап, тәртіп сақшыларымен сөзге келіскені көрінеді, деп хабарлайды Ult.kz.


Кейін белгілі болғандай, көлік Қарғалы ауданы әкімінің орынбасарының жүргізушісіне тиесілі болған. Ал оқиға кезінде шенеуніктің өзі де көлікте жолаушы ретінде отырғаны анықталды.


Ақтөбе облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жүргізуші полицияның заңды талабын орындамай, қашуға әрекет жасаған және қызметтік міндетін атқарған полицейлерге кедергі келтірген. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды.


Ведомствоның хабарлауынша, бейнежазбада аудан әкімінің орынбасары тарапынан тәртіп бұзушылық дәлелденбеген. Дегенмен іс материалдары тиісті уәкілетті органға жолданған.


Осыдан кейін Ақтөбе облыстық әкімдігі Қарғалы ауданы әкімінің орынбасары қызметінен өз еркімен кету туралы өтініш бергенін мәлімдеді. Оның отставкасы қабылданған.


Әкімдік өкілдерінің айтуынша, даулы жағдай жүргізушінің әрекетіне байланысты туындаған, ал шенеуніктің аты-жөні жария етілмеді.