Фото: Видеодан алынған скрин
Алматы облысында 11-сынып оқушысы мұғалімге қол көтерген оқиға тіркелді. Әлеуметтік желілерде мектеп ішінде болған жанжалдың бейнежазбасы тарады, деп хабарлайды Ult.kz.
Алматы облысы әкімдігінің мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 16 қаңтарда Шамалған ауылының Жаңа қазақ орта мектебінде болған. Сағат 09:00 шамасында мұғалім мен 11-сынып оқушысы арасында келіспеушілік туындаған. Педагог оқушыға ескерту жасап, сабаққа қатысуын талап еткен.
Алайда жасөспірім ескертуді агрессивті түрде қабылдап, мұғалімге қол жұмсаған.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, құқықтық баға беріледі.
Сонымен қатар мектеп әкімшілігі мен білім бөлімі тарапынан профилактикалық және түсіндіру жұмыстары қолға алынған.
Еске салайық, Мәжілісте білім беру саласына қатысты өзгерістерді талқылау барысында депутат Асхат Аймағамбетов педагогтердің жауапкершілігі тек оқу-тәрбие процесі аясында шектелетінін атап өткен болатын.
