11 мам, 2026 сағат 14:49

Алматыда дауыл: тұрғындарға тауға бармау туралы шұғыл ескерту


Фото: real-kz.com


Алматыда ауа райының күрт құбылуына байланысты тұрғындар мен қала қонақтарына тауға бармау жөнінде ескерту жасалды. Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.


Синоптиктердің болжамына сәйкес, 11 мамыр күні Алматыда найзағай ойнап, жаңбыр жауады, кей жерлерде қатты нөсер күтіледі. Сонымен қатар, солтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні секундына 15–18 метрге дейін жетуі мүмкін.


Әсіресе Іле-Алатауының таулы аймақтарында жағдай күрделірек. Ақсай және Үлкен Алматы өзендерінің алаптарында қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ және екпіні 18–23 м/с-қа дейін жететін күшті жел болжанып отыр.

Осыған байланысты ТЖД азаматтарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырып, дауылды ескерту кезінде тауға шықпауды қатаң түрде ұсынады.


Мамандар қатты жел кезінде мына ережелерді ұстануға кеңес береді: көлікті ағаш астына қалдырмау, мүмкіндігінше үйден шықпау, терезе мен есіктерді мықтап жабу, балкон мен ауладағы жеңіл заттарды жинау. Егер далада болсаңыз, жақын маңдағы ғимаратқа паналап, жарнама қалқандары, ағаштар мен аяқталмаған құрылыстардан алыс жүрген жөн. Сондай-ақ электр желілеріне жақындамау және үзілген сымдарға қол тигізбеу қажет.