Фото: ҚР Ұлттық ұланы "Батыс" өңірлік қолбасшылығы
Орал қаласында Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Вениамин Скаленкоға құрмет көрсетті, деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Өңірлік қолбасшылықтың қолбасшысы, полковник Нариман Акбаров майдангердің шаңырағына арнайы барып, оны Ұлы Жеңіс күнімен құттықтады.
Полковник Нариман Акбаров ардагерге Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының атынан алғыс хат пен арнайы сый-сияпат табыстады.
«Сіздердің ерліктеріңіз — бүгінгі бейбіт өмірдің негізі. Отан үшін жасаған жанқиярлық еңбектеріңіз ешқашан ұмытылмайды. Біз кейінгі жас буынға майдангерлердің ерлігі мен өнегелі өмір жолын насихаттап жүреміз. Бұл — біздің парызымыз», — деді қолбасшы Нариман Акбаров.
Салтанатты сәт барысында әскери оркестрдің жеке құрамы соғыс жылдарындағы әйгілі «Катюша» және «Жеңіс күні» әндерін орындады. Жеңіс жылдарының үніндей болған әуендерді тыңдаған ардагер көзіне жас алып, өткен күндерді еске алды.
«Біз сұрапыл соғысты көрдік. Ол кезде жағдай өте ауыр болды. Халық аштықты да, қиындықты да бастан өткерді. Майдан даласында талай боздақтан айырылдық. Бізден кейінгі ұрпақ енді ондай қасіретті көрмесін. Еліміз әрдайым бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүрсін», — деді Вениамин Пантелеевич.
Кездесу барысында қолбасшы ардагердің биыл қазан айында 102 жасқа толатынын айтып, мерейлі жасымен міндетті түрде арнайы келіп құттықтайтындарын жеткізді.
