06 мам, 2026 сағат 18:46

Алматыда 7 және 9 мамыр мерекесі қалай тойланады


Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімдігі Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс күніне арналған мәдени іс-шаралардың тізімін жариялады, деп хабарлайды Ult.kz.

– Д.Қонаев музейінде «Айбынды әскер – тәуелсіздік тірегі» атты танымдық сабақ және экскурсия.

– Alatau Creative Hub орталығында «Отан қорғау – парыз, мақтаныш, абырой» атты патриоттық сағат.

– Наурызбай ауданының комьюнити орталығында (Жүнісов көш., 4/2а) «Батырға хат» акциясы.

– Медеу ауданының комьюнити орталығында (Халилуллин көш., 140/5) аудан жастарының Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланның өкілдерімен «Ерлік сабағы» атты кәсіби бағдар беру кездесу-сұхбаты.

– Бауыржан Момышұлы атындағы әскери-спорт колледжі тәрбиеленушілерінің қатысуымен (Пятницкий көш., 100) «Ұранды елдің – ұрпағы қайсар» атты мерекелік іс-шара өтеді.

7 мамыр

– Сағат 09:00-де Отан қорғаушылар күніне орай «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндері кешенінде қала басшылығының, күштік құрылымдар мен әскери қызметшілердің қатысуымен Мемлекеттік Ту көтеру салтанатты рәсімі өтеді.

– Сағат 10:00-де 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында отандық эстрада жұлдыздары мен өнерпаздардың қатысуымен мерекелік концерттік бағдарлама басталады. Концертте Роза Рымбаева, Талғат Күзембаев, Мақсат Рахмет, Серікбол Сайлаубек, Қазыбек Әдікеев, Дәурен Байбөрісияқты өнер майталмандары, сондай-ақ «Алатау серілері», «КешYOU», «Muzart Life», «Алашұлы» және «Арғымақ» топтары, Алматы өңірлік гарнизонының артистері өнер көрсетеді.

Сонымен қатар құқық қорғау және қорғаныс органдарының аумақтарында, сондай-ақ басқа да ескерткіштер мен стелалардың жанында Даңқ мемориалына және қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің құрметіне орнатылған монументтерге гүл қою рәсімдері өтеді.

Одан бөлек «Almaty Gallery» галереясында (Достық даңғылы, 44) Отан қорғаушылар күніне орай ұйымдастырылған суретші-мүсінші, дизайнер және фотожурналист Дәурен Мақсұтханұлының «Изобразительный мир» атты жеке шығармашылық көрмесі салтанатты түрде ашылады.

Алатау ауданының комьюнити орталығында «Батырларға тағзым» атты патриоттық сынып сағаты, Медеу ауданының комьюнити орталығында балаларға арналған мерекелік ашық хаттар дайындау бойынша «Қорғаушыға сыйлық» шебердің дәрісі, Наурызбай ауданының комьюнити орталығында «Ерлік – елге мұра» атты патриоттық кездесу өтеді.

8 мамыр

Д.Қонаев музейінде «Ұлы Жеңіс қаһармандары» атты фотокөрме ұйымдастырылады. Ал Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде «Ән – Жеңістің серігі» атты музыкалық кеш өтеді. Мемлекеттік академиялық қуыршақ театрында соғыс жылдарының ауыртпалығын баяндайтын белгілі жазушы Ш. Айтматовтың шығармасы бойынша сахналанған «АНА-ЖЕР АНА» спектаклі көрсетіледі.

9 мамыр

– Сағат 09:30-да 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында Даңқ мемориалына гүл қою рәсімі өтеді.

– Сағат 10:00-де 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен мерекелік концерт басталады. Сондай-ақ 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлері үшін дала асханасы ұйымдастырылып, мерекелік түскі ас беріледі.

9 мамыр күні қаланың әр ауданында мерекелік бағдарламалар өтеді:

– Алмалы ауданы – А.Иманов атындағы сквер;

– Алатау ауданы – Атлетикалық ауыл;

– Әуезов ауданы – «Family Park» демалыс саябағы;

– Жетісу ауданы – Әл-Фараби атындағы сквер;

– Түрксіб ауданы – С. Сейфуллин атындағы саябақ;

Еске салайық, Алматыда Жеңіс күніне орай 15 ардагерге біржолғы төлем берілді.