14 мам, 2026 сағат 11:52

Атыраудағы қыз өліміне кінәлі делінген мүсінші ақталды


Фото: АқЖайық


Атырауда жеті жасар қыздың қазасына қатысты даулы іс жаңа бетбұрыс алды. Бұған дейін кінәлі деп танылып, сотталған мүсіншіге қатысты үкім жойылды, деп хабарлайды Ult.kz.


Қайғылы оқиға 2024 жылдың маусым айында қаладағы Жеңіс саябағында болған. Жаңбырдан қорғанған адамдардың үстіне тас ескерткіш құлап, жеті жасар қыз бен оның әкесі ауыр жарақат алды. Әкесі аман қалғанымен, қыз ауруханада көз жұмды.


Осы оқиғадан кейін ескерткішті жасаған мүсінші кінәлі деп танылып, 18 айға бас бостандығынан айырылған еді. Ол бір жарым жылға жуық уақытын қамауда өткізді. Алайда қорғаушы тарап үкіммен келіспей, істі соңына дейін даулауды жалғастырды.


Мүсіншінің адвокаты Талғат Дәулетов ескерткіштің құлауына басты себеп – тиісті бақылаудың болмауы екенін алға тартты. Оның айтуынша, ескерткіш ондаған жыл бойы қараусыз қалған.


Апелляциялық сот бастапқыда үкімді өзгеріссіз қалдырғанымен, іс кассациялық сатыға дейін жетті. Нәтижесінде, Астанадағы кассациялық сот мүсіншінің үкімін жойып, істі қайта қарауға жіберді.


Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот судьясы Азамат Тілепов бұл істе әкімдік қызметкерлерінің де жауапкершілігі қаралуы тиіс екенін атап өтті. Себебі ескерткішті орнату, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тиісті бақылау жүргізу жергілікті атқарушы органдардың міндетіне жатады.


Қазіргі таңда іс қайта қаралуда. Ал мүсіншіге қатысты түпкілікті шешім жаңа сот процесінің қорытындысы бойынша қабылданады.