Фото: Twitter/VICE
Жапонияда екі күнде жағаға 41 дельфин шығып қалған. Адамдар олардың көбін аман алып қала алды, деп хабарлайды Tengritravel.kz сайты Lenta порталына сілтеме жасап.
VICE басылымының мәліметінше, оқиға дүйсенбі, 3 сәуірде басталған екен. Ол кезде жағаға 33 дельфин шығып қалыпты. Оны көрген серферлер мен өзге де адамдар отызын қайтадан суға аман күйінде жібере алған.
Келесі күні, 4 сәуірде алдыңғы оқиға болған жерден алыс емес тұста жағаға тағы сегіз дельфин шығып қалыпты. Бұл жолы тек төртеуі аман қалды.
"Бұл жаунарларды көріп жүрегің ауырады. Біз әлі күнге дейін неге бұлай болғанын білмейміз", - дейді жергілікті шенеунік Мибу Сайто.
Ал VICE мұндай оқиғалар 2022 жылы бүкіл әлем бойынша болғанын атап өтті. Мәселен, желтоқсанда АҚШ жағалауына 23 кит шығып қалған. Франция жағалауында қыс басталғалы 910 дельфин өліпті. Оңтүстік Кореяда наурыз айында жағалауға өздігінен шығып қалған кит табылды.
Кит тұқымдастардың жағалауға шығып қалу себебі осы күнге дейін анықталмаған. Алайда бұған қатысты бірнеше теория бар, олардың бірі бойынша жануарлардың тыңдау органдары мен эхолокациясы мұхиттың ластануынан зардап шегеді екен. Мәселен балық аулайтын, әскери және су асты кемелеріндегі сонар аппаратарының сигналдарынан киттер бағытын жоғалтып, жағаға шығып қалатыны нақты дәлелденген.