Бүгін "Жаңа Қазақстан" форумы баспасөз мәслихатын өткізді. Жиынның кіріспе сөзінде саясаткер, форум мүшесі Әміржан Қосанов Үкіметке Ашық хат жолдағандарын хабарлады. Онда қытайлық 51 компанияның қызметіне байланысты сұрау салынған.
Ашық хаттың мазмұны төмендегідей:
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі
Бақытжан Сағынтаев мырзаға
Қазақстанға Қытайдан көшірілетін 51 кәсіпорын туралы
Соңғы уақытта қазақ қоғамында Қытай Халық Республикасының Шынжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы аз ұлттарға, соның ішінде, қазақ диаспорасына жүргізіп жатқан саясатына деген алаңдаушылық ұлғайып келеді. Терроризм мен сепаратизмге қарсы күрес деген ұранмен жүзеге асырылып жатқан бұл саясат сол жерде тұратын миллиондаған қандастарымыздың құқықтар мен еркіндіктерін шектеуге, ал кейбіреулерін жазықсыз жазалауға алып келуде.
Осы саясаттың салдарынан пайда болған «Қытайдан үрку» (қытайфобия) дерті көрші екі елдің арасындағы барлық салаларға өзінің кері әсерін тигізетіні анық. Солардың ішіндегі бүгінде қоғамда қызу талқыланып зор қынжылыс туғызған түйткілдердің бірі – Қытай жағынан келіп, Қазақстанға салынатын 51 кәсіпорынның мәселесі.
Бұл бағытта өтірік-шыны аралас сан түрлі болжамдар айтылуда. Алайда, өкінішке орай, осы кәсіпорындарды Қазақстанға орналастыру мәселесімен тікелей айналысатын атқарушы билік әлі күнге дейін тұщымды ақпарат жариялаған емес.
Осы кемшіліктің орнын толтыру мақсатында, төмендегі сұрақтардың әрбір тармағына (егер олар коммерциялық құпия болып табылмаса) нақты жауап беруіңізді сұраймыз:
- Қазақстан Конституциясының 4-бабында “Республика қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттар жарияланады” делінген. Қазақстан мен Қытай арасында, оның қатарында даулы 51 кәсіпорынға қатысты, көптеген басқа да елдермен жасалған келісім-шарттар, неліктен халықтан жасырын сақталады? Бұл қаншалықты заңды болып табылады?
- Қазақстанға Қытай тарапынан көшірілмекші әрбір өндіріс орындарының қай салаға жататыны (ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу саласы, химиялық өндіріс, машина жасау т.б.) және олар нақты қай жерде орналастыралатыны жөніндегі толыққанды ақпарат берілсін.
- 51 қытайлық өндіріс ашылуы нәтижесінде қанша жаңа жұмыс орны пайда болмақ? Ол жерде жалақы мөлшері, әлеуметтік кепілдемелер, еңбек қауіпсіздігі қалай қамтамассыз етіледі? Шындығында бұл өндірістер қандай технологияларға негізделген – ескірген бе жаңа ма?
- Халықты жұмыспен қамту туралы ҚР Заңына сәйкес кез-келген жұмыс орнына қабылдауда бірінші кезекте басымдық Қазақстан азаматтарына берілуі көзделген. Шетелдіктер болса тек жергілікті жұмыс күші жетіспегенде немесе қажетті мамандық иесі болмағанда ғана тартылады. Олай болса аталған талаптар және белгіленген тиісті квоталар қаншалықты орындалған?
- Сөз болып отырған өндірістердің әрқайсысында қанша жұмысшы, қанша әкімшілік қызметкерлері және қанша мамандардың болатыны туралы егжей-тегжейлі мәлімет, сонымен қатар, солардың ішінде қанша маман, қанша жұмысшының Қытайдан келетіні, қаншасының жергілікті қазақстандық азаматтардан жасақталынатыны туралы ақпарат берілу керек.
- Осы 51 кәсіпорынның көшіріліп ашылуына байланысты шығынның көлемі қандай? Оның қай бөлігін Қазақстан, ал қай бөлігін Қытай өз мойнына алады? Жыл сайын олардан Қазақстан қазынасына түсетін пайда көлемі қаншалықты болмақ? Бұл кәсіпорындардың қожайыны кім болмақ және Қазақстан азаматтарының мүдделері мен хұқықтары қалай сақталмақ?
- 51 кәсіпорынның экологиялық сараптамадан өткені туралы (олардың жұмыстары ауаны, суды, жерді, табиғатты ластамайтын болуы керек) халықаралық стандарттарға сай құжаттары бар ма? Қытай үкіметі осы 51 кәсіпорынды өз жерінен неге шығармақшы? Олар өздері жұмыс істеген аудандардың экологиясына, тұрғындардың денсаулығына қандай зардап әкелді?
Бұл ақпаратттарды ресми түрде жариялау – қоғамдағы ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етумен қатар, шетелдік инвестицияға деген позитивті көзқарас қалыптастырады деп ойлаймыз.
Сонымен бірге Қазақстан үкіметі Қытайдан келетін кәсіпорындардың экологиялық сараптамасына тәуелсіз сарапшылардың қатысуын да қамтамасыз етуі шарт. Қытай кәсіпорындары орналасатын облыстарда қоғамдық тыңдаулар өткізілуі де аса қажетті. Ал енді аталған заңды талаптар орындалмай, көтерілген мәселелер халыққа дәйекті де тыңғылықты түсіндірлемесе, бұл жағдайдың ушығуына және Қазақстанның мүддесіне қайшы салдарға әкелуі мүмкін екендігін ескертеміз. Осындай жағдайда жауапкершілік ресми орындардың мойнында болады.
«Жаңа Қазақстан» форумы, Алматы, 25 маусым 2018 жыл