13 мам, 2026 сағат 15:11

Қазақстандағы балалар лагерлеріндегі заңбұзушылықтар: депутат дабыл қақты


Фото: Мәжіліс
Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев балалар лагерлеріндегі қауіпсіздік мәселесін көтеріп, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Ult.kz.

Депутаттың айтуынша, жаз мезгілінде Қазақстан бойынша ондаған мың бала жазғы лагерьлерде демалуды жоспарлайды. Сондықтан балалардың қауіпсіздігі мен сапалы демалысын қамтамасыз ету мемлекет үшін маңызды міндет болуы тиіс. Алайда соңғы жылдары еліміздегі бірқатар лагерьлерде өрескел заңбұзушылықтар тіркелген.

"Алматы қаласындағы «Арман дала» лагерінде аумақта сауна, мейрамхана, компьютерлік клуб жұмыс істеген. Балалар еденде ұйықтауға мәжбүр болып, ұлдар мен қыздар бір бөлмеде орналастырылған. 
Маңғыстау облысындағы «Айналайын» лагері («Өзенмұнайгаз» қызметкерлерінің балалары үшін) – орын тапшылығы салдарынан балалар екі адамнан бір төсекте немесе еденде ұйықтаған. Қауіпсіздік нормалары өрескел бұзылған. 
Түркістан облысындағы «Арман» лагерінен 400 бала ата-аналардың жаппай наразылығы мен жағдайдың қанағаттанарлықсыз болуына байланысты мерзімінен бұрын эвакуацияланған. 
Шымкент қаласындағы «Үш бұлақ» лагерінде белгіленген сыйымдылық нормасы асыра орындалған", - деп отыр Қырықбаев.


Темір Қырықбаев мұндай жағдайлар балалар демалысы саласында жүйелі проблемалардың бар екенін көрсететінін айтты. Оның сөзінше, «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында балалар лагерлерін лицензиялау мәселесі негізгі басымдықтардың бірі ретінде қарастырылған.

Депутат 2026 жылдың 1 сәуірінен бастап балалар лагерлерін лицензиялау жүйесі енгізілгенін еске салды. Ендігі басты міндет – қабылданған нормалардың тиімді орындалуын қамтамасыз ету.

"Балалар лагері – тек демалыс орны емес. Ол – тұлға қалыптасатын, әлеуметтік дағдылар дамитын маңызды орта. Бірақ көптеген ата-аналар жолдамалардың қымбат екенін, сапасына кепілдік жоғын және өз өңірлерінде лагерь жетіспейтінін айтып шағымдануда", – деді депутат. 


Осыған байланысты Темір Қырықбаев лицензиядан өткен және балаларды қабылдауға дайын ұйымдардың нақты тізімін жариялауды сұрады. Сонымен қатар мектеп жанындағы лагерьлерді есептемегенде, өңірлердің балалар демалысы ұйымдарымен қамтылуына талдау жүргізуді ұсынды.

Депутат балалардың қауіпсіздігін күшейту үшін бірнеше нақты шара ұсынды.

"Біріншіден. Бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің, жұртшылықтың және ата-аналар қауымдастығының қатысуымен лицензиялау жүйесіне жатпайтын балалар лагерлеріне тұрақты тәуелсіз мониторинг енгізу.
Екіншіден. Балалардың лагерде демалуы кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін бақылаушы органдар басшылары мен лагерь иелерінің дербес жауапкершілігін белгілеу.
Үшіншіден. Балалардың бос уақытын ұйымдастыруға бөлінетін бюджет қаражатын жұмсаудың ашықтығын қамтамасыз ету", - деді мәжілісмен.