23 сәу, 2026 сағат 16:10

Депутаттар пікірі: Өңірлік экологиялық саммиттің маңызы қандай?


Астанада мемлекет басшыларын, сарапшылар және халықаралық ұйымдардың жетекшілерін бір алаңда біріктіретін алғашқы Өңірлік экологиялық саммит өтіп жатыр, деп хабарлайды Ult.kz

Іс-шара мақсаты - қоршаған ортаға қатысты мәселелерді шешудің бірлескен практикалық шешімдерін шығару үшін ашық халықаралық платформа құру.

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров экологиялық мәселелер әлемдегі ең өзекті проблеманың бірі болып отырғандықтан осындай саммиттердің маңызы зор екенін айтып отыр. Әсіресе жаһандық жылыну тақырыбы мен Қазақстан үшін су тапшылығы мәселесі өзекті.

«Қазақстанның ішіндегі су тапшылығы мәселесі көрші мемлекеттермен қарым қатынасқа тығыз байланысты. Сондықтан осы саммит бізге көрші елдермен бірге дүниежүзінде ортақ күн тәртібін жасау үшін қажет. Екіншіден, көрші елдермен су және басқа да мәселелерде қарым қатынасты түзеп алу үшін өте маңызды іс шара», - деді ол.


Депутат Анас Баққожаев бүгінгі күні қоршаған ортаны қорғау саласында бірқатар өзекті мәселелер бар екенін айтып өтіп, алайда кейбір елдер экологиялық талапты орындауда ақсап жатқанын айтты. Сондықтан да осындай саммиттерде талаптар ескеріледі.

«Қазақстан қойылған экологиялық талаптарды орындайды. «Таза Қазақстан жобасының өзі неге тұрарлық?! Соны көрсетіп халықаралық деңгейде иммиджімізді көтеріп алуға үлкен мүмкіндік бұл», - дейді депутат.


Елордада өтіп жатқан  саммит аясында Орталық Азия мемлекет басшылары тарапынан ортақ декларация қабылдау жоспарлануда.

Мәжілісмен Самат Нұртазаның сөзінше қазіргі уақытта көршілес елдермен экологиялық ортақ мәселелер бар. Оның ішінде ең өзектісі – трансшекаралық сулар мәселесі. 

«Өздеріңіз білесіздер, бізде өзендердің көбінің бастауы өз елімізден басталмайды. Іле, Ертіс, Жайық болсын, өзге елдерден келетіндіктен, судың басында көршілеріміз отыр. Сондықтан да біз оларға логистика береміз, бидай береміз, олар бізге су береді деген сияқты дипломатиялық қарым қатынас құрып отырмыз. Сыртқы істер министрлігі болсын, Су ресурстары министрлігі болсын, Президенттің өзі болсын, осы бағытта тынбай қызмет етіп жатыр. Су біздің нөмірі бірінші қорегіміз. Сумен бәрі байланысты», - деді Нұртаза.


Депутат Мақсат Толықбайдың айтуынша Іле өзені суының мәселесі Бейжіңде талқыланып жатыр. Өйткені Ілеге құятын сағасының барлығына зауыттар мен фабрикалар салып тастағандықтан суды өзіне тартып бара жатыр. 

«Егер Іле өзіненінің суы азаятын болса, Балқаш кішірейеді. Одан бөлінетін тұздар Бейжіңге жетеді деп соған олар дабыл қағып отыр. Ал ол көлдің қасында отырған біз ғой. Сондықтан су мәселесі өте өзекті. », - деді депутат. 

 

22-24 сәуірі аралығында Астанада қоршаған орта мен су ресурстары проблемаларын талқылау және өзекті мәселелер бойынша келісімдерге қол жеткізу үшін мемлекет басшыларын, сарапшылар және халықаралық ұйымдардың жетекшілерін бір алаңда біріктіретін алғашқы Өңірлік экологиялық саммит өтуде.

Орталық Азия елдерінен, Еуропалық Одақтан, ШЫҰ-нан және Таяу Шығыстан шамамен 1500 қатысушы ағымдағы мәселелерді талқылау және мемлекетаралық келісімдерге қол жеткізу үшін саммитке қатысуда.

Саммитте негізгі 8 тақырып бойынша мәселелер талқыланады. Олар:

Экологиялық жəне табиғи тəуекелдерге бейімделу жəне экономикалық орнықтылық;

Азық-түлік қауіпсіздігі жəне өңір экожүйесі

Табиғи ресурстарды орнықты басқару;

Атмосфералық ауаның ластануымен күрес жəне қалдықтарды басқару;

Экологиялық амбицияларға қол жеткізу тетіктері;

Əділетті жəне инклюзивті өтпелі кезең;

Экологиялық жəне цифрлық құзыреттер;

Климаттық өтуді қолдау.

2026 жылы БҰҰ-мен серіктестікте Өңірлік экологиялық саммитті (ӨЭС 2026) өткізу ұсынысын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-ші сессиясы барысында жариялаған болатын.