Заң шығару процесіне атүсті қарауды тоқтату қажет. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатындағы заң шығару процесін жетілдіру мәселелері жөніндегі Үкімет сағатында Жоғары Палата спикері Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Заң шығару процесі шын мәнінде одан ары жетілдіруді талап етеді. Бұл жерде кәсіби тұрғыдан ашық талқылайтын мәселелер аз емес. Түптеп келгенде азаматтардың әл-ауқаты, мемлекеттің заң шығару жүйесінің сапасына тікелей байланысты. Елімізде қабылданғып жатқан заңдардың сапасы қандай? Олардың мазмұны Қазақстан азаматтарына түсінікті ме? Біз осы мәселелерді егжей-тегжейлі қарастыруымыз қажет», - деп атап өтті Сенат төрағасы.
Сонымен қатар ол Мемлекет басшысы реформаларының негізі, атап айтқанда Қазақстанның экономикасы мен саясатында терең жаңғыртулар жүргізу, елімізді алдыңғы қатарлы мемлекетке айналдыру стратегиясын жүзеге асыру үшін заң шығару процесіне атүсті қарауды тоқтату керектігін баса айтты.
«Бұл маңызды іске жаңаша көзқарас қалыптастыруды қажет етеді. Еліміздегі реформалардың қарқыны мен мазмұнын қамтамасыз етуге қабілетті жаңғыртылған заңнамалық база құру - Парламент депутаттары жұмысының негізгі мақсаты. Мемлекет басшысы біздің алдымызға дәл осындай міндет қойып отыр. Парламенттің өкілеттілігін күшейту жұмысы заң шығарушы тұлғалардың заң жобаларын әзірлеу және оларға бастамашылық жасау тәртібін реттеуді талап етеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.