24 мам, 2018 сағат 14:40

Ұйымдарды біріктіріп, коммерциялық ұйым мәртебесін берген жөн

Бүгін, яғни 24 мамыр күні сенат отырысында  депутат Асқар БЕЙСЕНБАЕВ Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б.Ә. Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдады.

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі

Б.Ә. САҒЫНТАЕВҚА

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Сізге қойылған бұл депутаттық сауалдың себебі заңжобалау жұмысында маңызды орын алатын кейбір ұйымдардың қазіргі жағдайы жөніндегі алаңдаушылығымыз болып отыр.

Қазіргі уақытта Парламенттің депутаттары заң шығару функциясын жүзеге асыру барысында «Қазақстан Республикасының Заңнама институты» ММ-мен бірлескен жұмыс жүргізеді, сондай-ақ «Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» РМК қамтамасыз ететін түрлі ақпараттық-құқықтық жүйелердің контентін белсенді қолданады.

Бұл ұйымдар Әділет министрлігіне ведомстволық бағынышты болып табылады және заңжобалау жұмысы тиімділігін арттыруға, Үкімет қызметін құқықтық қамтамасыз етуге, елдегі құқықтық саясатты қалыптастыру мен іске асырудың ықпалды тетігін жасауға бағытталған айрықша міндеттерді орындайды.

Бұл міндеттер Заңнама институтының заң жобаларын және заңнаманы дамытудың ғылыми тұжырымдамаларын әзірлеуге қатысу, ғылыми лингвистикалық сараптама жүргізу, нормативтік құқықтық актілерді талдау, құқықтық мониторингді үйлестіруге және оны жүргізуге қатысу, кодекстердің және өзге заңдардың ғылыми-тәжірибелік түсініктемелерін даярлауға қатысу сияқты маңызды функцияларын қамтиды.

Сонымен қатар құқықтық ғылымның рөлін күшейту мақсатында Заңнама институтымен құқық және заңнама саласында іргелі және ғылыми-қолданбалы зерттеулер жүргізіледі,оларды жетілдіру бағыттары бойынша ұсыныстар әзірленеді.

Республикалық құқықтық ақпарат орталығы функцияларының маңыздылығын оның нормативтік құқықтық актілердің бірыңғай мемлекеттік есебін, олардың жүйеленген және толық қорына жалпылай ақысыз қол жеткізу  мүмкіндігін қамтамасыз ететін, сондай-ақ компьютерлік технологияларды пайдалана отырып, мемлекеттік органдардың, өзге заңды және жеке тұлғалардың құқықтық ақпаратқа қажеттіліктерін қанағаттандыратын Қазақстандағы бірден-бір ұйым мәртебесі дәлелдейді.

Қойылған мақсаттарға жету үшін Заңнама институтының және Республикалық құқықтық ақпарат орталығының  қызметкерлері күн сайын құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуден бастап, оларды ресми жарияланғанға дейінгі құқықшығармашылық процестің барлық сатыларында үлкен жұмыс атқарады.

Алайда бүгінгі күні осы еңбек олар табатын, атап айтқанда Заңнама институтының қызметкерлері табатын «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысына сәйкес тиянақталған болып келетін еңбек ақысына мөлшерлес емес.

Қазіргі уақытта жоғарыда аталған ұйымдар кадрлардың аумалылығы мен тұрақсыздығы, ынталандырудың төмен дәрежесі және т.б.  проблемаларға тап болып отыр.

Орын алған жағдай заң жобалау жұмысының және Қазақстанда көрсетілетін ақпараттық-құқықтық қызметтердің сапасына теріс әсер етуі мүмкін.

Осыған байланысты біз Заңнама институтының және Республикалық құқықтық ақпарат орталығының қызметкерлері жағдайына қатысты алаңдаушылық білдіре отырып, олардың заң шығару саласындағы жұмысын күшейту, консультациялық қызметтер нарығындағы маңыздылығын арттыру оларды коммерциялық ұйым нысанында кәсіпкерлік қызметке қатысу мүмкіндігін беріп біріктіру арқылы мүмкін деп пайымдаймыз.

Бұл бюджеттің жеңілденуіне жәрдемдеседі, аталған ұйымдарды ұстау шығындарын азайтады, қызмет көрсету нарығында табыс көруге, қызметкерлердің еңбек ақысын арттыруға және олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.

Халықаралық тәжірибені талдау шет елдерінде Заңнама институты және Республикалық құқықтық ақпарат орталығы сияқты ұйымдар өзінің көптеген қызметтерін ақылы негізде көрсететінін байқатады.

Жоғарыда айтылғанға байланысты заңжобалау жұмысының сапасын және жүргізілетін құқықтық реформалардың тиімділігін арттыру мақсатында Сізден жоғарыда көрсетілген ұйымдарды біріктіріп, коммерциялық ұйым мәртебесін беру мүмкіндігін қарастыруыңызды өтінеміз.

«Қазақстан Республикасының Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес Сізден заңнамамен белгіленген мерзімдерде жазбаша түрде жауап қайтаруыңызды сұраймын.

Құрметпен,

А. БЕЙСЕНБАЕВ