25 мау, 2018 сағат 09:04

Түркиядағы президент сайлауында кім жеңгені белгілі болды

Түркияның Жоғарғы сайлау комитеті іс басындағы президент Режеп Тайып Ердоғанның президент сайлауында жеңгенін мәлімдеді. Елде сайлаудың екінші кезеңі өтпейтін болды.

Сайлау комитетінің басшысы Сади Гювен 25 маусым күні таңертең журналистерге Ердоған басты қарсыласын "абсалютті басымдықпен жеңгенін" хабарлады. Бірақ ол Ердоғанның нақты қанша пайыз дауыс жинағанын айтпады. Сайлаудың түпкілікті нәтижесі 25 маусым күні кешірек жарияланбақ.

Бұған дейін мемлекеттік телеарна бюллетендердің 99 пайызы саналғанын, оның нәтижесі бойынша Ердоған 52,5 пайыз дауыс, ал оның басты қарсыласы Мухаррем Инже 31 пайыз дауыс жинағанын хабарлаған.

Мемлекеттік БАҚ президент сайлауымен қоса өткен парламент сайлауында Режеп Тайып Ердоғанның "Әділет және даму" партиясы 41 пайыз, оның одақтасы Ұлттық қозғалыс партиясы (MHP) 11 пайыз дауыс, Мухаррем Инженің басты оппозициялық Республикалық халықтық партиясы (CHP) 23 пайыз дауыс жинағанын хабарлады.

Күрдшіл Халықтық демократиялық партия (HDP) 11,2 пайыз дауыс, оппозициялық ұлтшыл "Жақсы" партиясы 10 пайыз дауыс жинады.

Түркияның бір палаталы парламентінде 600 орын бар. Түркия заңы бойынша, парламентке өту үшін партиялар кемінде сайлаушылардың 10 пайыз даусына ие болуы тиіс.

Ресми мәлімет бойынша, президент пен парламент сайлауына дауыс беру құқығы бар сайлаушылардың 87 пайызы қатысты.

"Халық маған президенттік қызмет пен басқаруда сенім артып отыр. Сайлаушыларының 90 пайызға жуығы дауыс берген Түркия күллі әлемге демократия сабағын үйретті" деді 64 жастағы Ердоған Стамбулда жақтастарының алдында сөйлеп тұрып. Ол азаматтарға "қай партияны жақтайтынына қарамастан" сайлауға қатысқаны үшін алғыс білдірді.