21 мау, 2018 сағат 09:38

Тоқаев: "Назарбаев 2020 жылы президенттік сайлауға түседі дегенге сенбеймін"

Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылы өтуі тиіс кезекті президент сайлауына түспейді деп есептейді. Бұл туралы РИА Новости жазды. 

"Ашығын айтайын, мен президент Назарбаев 2020 жылғы президент сайлауына қатысатынына сенбеймін. Өйткені ол ақылды адам, өте парасатты. 2020 жылы бізде президент сайлауы Назарбаевтан басқа кандидаттармен өтеді деп ойлаймын", — деді Тоқаев Би-би-сидегі Hardtalk бағдарламасына берген сұхбатында.   

Сонымен қатар сенат спикері бұл өзінің "жеке пікірі" екенін атап өтті.

"Әрине, сайлауға бара ма, жоқ па, бұл президент Назарбаевтың өзіне байланысты нәрсе. Алайда ол сайлауға түсетініне сенбейтінімді ашық айтуға тиіспін", —  деп мәлімдеді Тоқаев.

"Өзіңіз 2020 жылы президент сайлауына түсуді жоспарлап отырсыз ба?" деген сұраққа Тоқаев: "Олай айтпас едім" деп жауап берді.

"Егер президент Назарбаев тіпті ел президенті болмаса да, ішкі және сыртқы саясатқа зор ықпал ететін болады", — деп түйіндеді сенат басшысы.

Қазақстанның қазіргі президенті осы жазда 78 жасқа толады. Ол 1991 жылдың 1 желтоқсанында алғашқы бүкілхалықтық сайлаудың қорытындысы бойынша президент болып, содан бері елді басқарып келеді. 2015 жылдың 26 сәуірінде өткен соңғы кезектен тыс сайлауда мемлекет басшысы сайлаушылардың 98% дауысын иеленіп, бесінші рет жеңіске жетті. Оның өкілеттігі 2020 жылдың сәуірінде аяқталады. Коституцияға сәйкес, Назарбаев Қазақстанның тұңғыш президенті ретінде бұл лауазымға өмір бойы сайлауға түсе алады.     

sputniknews.kz