05 мау, 2018 сағат 11:06

Шетел студенттерінің Қазақстанға көзқарасы қандай?

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір жылдығы аясында "Шетел студенттерінің Қазақстанға көзқарасы" атты телекөпір өтті. Қазақ мәдениетіне, тіліне  ерекше қызығушылық танытып жүрген шетел студенттерінің пікірлері тыңдалды.

Италиядан келген Дарио Куагли: «Мен Италиядан келдім. Өз елімде жүргенде Қазақстан жайлы аз білдім. Өзіме таныс болмаған жаңа мемлекетті жақынырақ білу үшін осында келдім. Білімімді жалғастыратын университет ретінде ҚазҰУ-ды таңдадым. Мұндағы білім беру жүйесі мен оқытушылар құрамы көңілімнен шықты. Сондай-ақ ҚР Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын бір ауыздан қолдаймын», - деді Дарио Куагли.

Токуро Оучи есімді жапон жігіті отанында Алпамыс батыр және Манас эпостық дастандарын өз ана тілінде оқып, қазақ пен қырғыздың дәстүрі мен мәдениетіне қызыққанын айтады.

Такуро қазір әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жоғарғы оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде қазақ тілін меңгеріп жатыр.

– Мен Жапонияда жүргенде қазақ халқының «Алпамыс батыр, қырғыз халқының «Манас» эпостық жырларын жапон тілінде оқыдым. Бұл эпостық жырлар мені қатты қызықтырды. Жапон тілінде басқа эпостық жырлар жоқ екен. Сондықтан әдебиеттің осы жанрын зерттегім келді. Қазақстанға келіп, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ге оқуға түсуімнің басты себебі де осы", - дейді Такуро.

– Қазір осы оқу орнында қазақ тілін меңгеріп жатырмын. Қазақ тілін үйренумен қатар, осы елдің мәдениетімен, тарихымен, салт-дәстүрімен таныстым. Әсіресе, Айша бибі мен Қарахан баба жайындағы аңызды оқығаннан кейін екеуінің арасындағы махаббат оқиғасы мені қатты қызықтырды.

«Қазақстан шетел студенттерінің көзқарасымен» атты телекөпірге мемлекетіміздің 7 университетінің қатысушылары қатысты. Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті, М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті , Қазақ мемлекеттік қыздар университеті онлайн арнаға шығып, пікір алмасты.