28 ақп, 2023 сағат 11:14

Сәпиевтің балуанмен төбелесіне қатысты Елеусінов пен Ильин пікір білдірді

видео кадры

Бокстан 2016 жылғы Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов Instagram-парақшасында Алматыда өткен Batyrball турнирінде Серік Сәпиев пен еркін күрестен спорт шебері Зелімхан Мұсиханов арасындағы жанжалға қатысты ойын білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz порталы Vesti.kz-ке сілтеме жасап.

"Ассалаумағалайкүм, Қазақ елі! 2 күннен бері талқыланып жатқан Серік Сәпиев ағамыз бен спортшының арасындағы болған жағдай туралы айтып кеткім келеді. Мен де ақ пен қараны ажырату үшін күттім. Барлығын көрдім, эмоция кернеп тұрғанда артық айтпау үшін қалай болғанын күттім. Жігіттікі дұрыс емес, өйткені Серіктің қолында доп болмады. Доп болмаған соң олай лақтырудың қажеті не? Ол жерде жарақат алуы мүмкін еді. Басқа ойыншыларды да көріп жатырмын, оларды да доп жоқ кезде лақтырып жатты, бірақ жанжал болған жоқ, өйткені олар қатты лақтырмады, итеріп немесе жайлап орнына қояды, бірақ бұл жерде ол биіктен "қадап" жіберді. Бұл жерде ызамен істелген сияқты. Серіктің эмоциясы түсінікті. Мұнда ол жігітті ұрды дейді, ал жігіт Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы және кубок Вэл Баркер иегерін білуі керек", - деді Елеусінов.

Жанжал туралы қазақстандық ауыр атлет Илья Ильин де айтты. Ауыр атлет балуан мен оның бапкері Александр Гольцманның кешірім сұрағанына пікір білдірді.

"Жігіттер қатені мойындап, дер кезінде түзеді", - деп жазды Ильин Instagram-парақшасында.


Еске салайық, Batyrball ойыны (күрес аралас баскетбол) кезінде Серік Сәпиев балуанмен жанжалдасып қалды. Зелімхан Мұсиханов Сәпиевке қарсы күрес әдісін қолданған, бұл боксшыға ұнамай қалған, кейін төбелес басталған. Өзге ойыншылар спортшыларды ажыратып үлгерген. Алайда олар кейінірек киім ауыстыратын бөлмеде тағы дауласқан.