видео кадры
Алматыда өткен Naiza 49 турнирінде өнер көрсеткен ММА балуаны Зелимхан Мусиханов пен оның жаттықтырушысы Александр Гольцман ойын барысында болған жанжалға байланысты елден және белгілі спортшы Серік Сәпиевтен кешірім сұрады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Құрметті қазақстандықтар, жасаған әрекетім үшін кешірім сұраймын. Мен ереже бұзып, қателік жасадым. Содан ойында эмоцияға ерік бердім. Серік Сәпиев – халқымыздың мақтанышы. Эмоциямен, ойланбай жасаған әрекетімді кешіріңіз. Бұл енді қайталанбайды. Баршаңызға Ас-саламу алейкум!" - дейді Мусиханов видеожазбада.
Гольцманның айтуынша, ол да эмоцияға беріліп, артық сөз айтқан.
"Менікі дұрыс болмады, сондықтан шәкіртім екеуміз жасаған барлық әрекетіміз үшін кешірім сұраймын. Біз барша спортшыға және батырымыз, Олимпиада чемпионы Серік ағаға құрметпен қараймыз. Серік ағаны спорт, қоғам қайраткері ретінде құрметтейміз.
Біздің іс-әрекетіміз чемпионымыздың беделіне нұқсан келтірмеуі керек, жағдайдың бұлай болғанын қаламадық. Бәріне өзіміз кінәліміз. Болған жайт үшін кешіріңіздер", - деді жаттықтырушы өз сөзінде.
Еске салайық, Batyrball ойыны (күрес аралас баскетбол) кезінде Серік Сәпиев балуанмен жанжалдасып қалды. Балуан Зелимхан Мусиханов Сәпиевке қарсы күрес әдісін қолданған, бұл боксшыға ұнамай қалған, кейін төбелес басталған. Дегенмен өзге ойыншылар спортшыларды ажыратып үлгерген.
Алайда олар кейінірек киім ауыстыратын бөлмеде тағы дауласқан.