Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Б.Ә. Сағынтаевқа
Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!
Біздің депутаттық сауалымыз, тамыз айында аймақтарда болған іс сапарымыз барысында, жергілікті тұрғындар көтерген өзекті мәселелерге байланысты.
Жамбыл облысында пайдаланатын ағын су ресурстарының 80 пайызы – көршілес Қырғыз Республикасының аумағынан басталып, трансшекаралық өзендер арқылы берілетіні белгілі.
Cоңғы жылдары Қырғыз Республикасының «Кировское» су қоймасынан Жамбыл облысы «Талас» өзеніне құятын су көлемі, әлдебір уақыттары келісімсіз, белгіленген мөлшерден көп жіберілуі салдарынан 25,022км. арақашықтықта өзен арнасы едәуір шайылып, жақын маңдағы елді мекендерге су жайылу қаупі туындауда.
Аталған өзен жағалауында төтенше жағдайдың орын алуына жол бермеуді қажет ететін ірі елді мекендер – Жасөркен, Қызылқайнар Жамбыл ауданында, Талас, Казпоселок, Сарыкемер, Түймекент Байзақ ауданында, Тектұрмас, «Дачный массив» Тараз қаласында орналасқан. Қатерлі аймақта автомобиль жолдары, электр жүйелері және газ тасымалдау қондырғылары бар. Өкінішке қарай, 2016 жылғы 15 маусымда Кировское су қоймасынан Талас өзеніне құятын су көлемінің артуына байланысты Жамбыл ауданының Қызылқайнар, Жасөркен ауылдарына газ тасымалдайтын жоғары қысымды құбырдың (диаметрі 219мм) тірегі шайылып, істен шыққан болатын. Соның салдарынан 720 үй-абонентер отынсыз қалған.
Жергілікті атқарушы органдар тарапынан, төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында «Жамбыл облысында Тараз қаласының және Жамбыл, Байзақ аудандарындағы Талас өзені арнасы бойындағы жағалауды бекіту жұмыстары бойынша» ЖСҚ әзірленіп, 2017 жылғы 1 шілдеде мемлекеттік сараптаманың №19-0213/17 оң қорытындысы алынған. Сметалық құны – 3 477 257 мың теңге. 2018 жылы жергілікті бюджеттен 10 млн. теңге көлемінде қосымша қаржыландыру есебінен жағалауды бекіту жұмыстары басталды. Жобаны іске асыру республикалық бюджеттен қаржыландыруды қажет етеді.
2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру барысында жоғарыда аталған Жамбыл облысының әлеуметтік маңызды жобасын іске асыруға республикалық бюджеттен 2019 жылға қаржы бөлінуге ықпал етуіңізді сұраймыз.
Бюджеттік өтінім және қажетті құжаттар мен МС көшірмесі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне тапсырылған.
Құрметпен, Ә. Нұралиев
М. Жолдасбаев